Қостанай облысында коронавирус ауруы бойынша 50-ден аса дерек жасырылған. Қазір тексеріс жүріп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтты. Аймақ басшысы соңғы уақытта өңірдегі ковидтің өршу себебін де түсіндірді. Оның сөзінше бұл Қостанайдың Ресеймен көршілес жатуына байланысты болып отыр. Қазіргі таңда облыста 5 мыңға жуық тұрғын ковид жұқтырған. Науқастарды емдеу үшін емханаларда мыңға жуық орын әзірленді. Олардың бүгінгі жүктемесі 33 пайыз болып отыр. Жалпы аймақтың денсаулық сақтау саласына биыл қазынадан 78 млрд теңге бөлінген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 1,5 есеге көп.
Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:-Қазіргі уақытта Ресейде коронавируспен ауру өсімі жоғары екені белгілі. 1,5 мың шақырымға созылатын шекарада 7 автомобиль өткелі бар. Оның төртеуі негізгі саналады. Олар арқылы тек 6 қазанда ғана шамамен 30 мың адам келді. Бұл республикаға автомобиль өткелі арқылы өткен барлық жолаушының 15 пайызға жуығын құрайды. Сырттан келгендер үшін 412 төсек-орын бар 6 карантиндік стационар әзірленген.
Ал аймақтағы мектептерді жөндеу үшін биыл 11 млрд 200 млн теңге жұмсалады. Бұл өңір үшін рекордты сома. Былтырғымен салыстырғанда үш есе көп. Қыруар қаржыға 133 білім ошағы жөндеуден өтеді. Ал биылғы онлайн оқуды ұйымдастыру үшін 3 млрд 800 млн теңгеге 21 мың компьютер сатып алынған. Оның 12 жарым мыңы оқушыларға уақытша берілді.
Шерхан Жамбылұлы