Павлодарда мейрамхана иесі қонақтарын жертөлеге жасырып, жазадан сытылмақ болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда мейрамхана иесі қонақтарын жертөлеге жасырып, жазадан сытылмақ болды

23.11.2020

Өңірлерде карантин талаптарын елемеген мейрамхана мен түнгі клубқа келушілер мобильді топтардан қашып, түрлі айлаға баруда. Тәртіп сақшыларынан бой тасалағандар тіпті әжетханаға тығылып, сытылып кетпек болған.    

Кезекті рейд кезінде оралдық полицейлер 80 адам сауық құрған түнгі клубтың жұмысын тоқтатты. Әбден масайып алған кейбір қонақтар сақшыларға қарсылық танытса, енді біразы жауапкершіліктен құтылмақ болып әжетханаға тығылды.

Ал, Павлодарда тексерушілерден қорыққан мейрамхана иесі қонақтарын жертөлеге жасырып, жазадан сытылмақ болды. Бірақ, киімілгіштегі құндыз тондар мен бағалы ішіктерді тығып үлгермеді. Ол полицияға жертөле есігінің кілтін бермей қойған. Ауа жетпей қиналған 40-тан аса адам 4 сағаттан кейін жоғарыға өздері көтерілді. Мейрамхана иесімен қоса енді олар да әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Ал, Шымкенттегі сұлулық салондарында келушілер ғана емес, ондағы қызметкерлердің өзі бетперде тақпай жүрген. Жұмыс кезінде бір реттік қолғапты пайдаланбайтын жәйттер тіптен жиі кездеседі. Қызмет көрсету орындарында қызу өлшейтін құралдар жоқ. Сатып алғандардың өзі термометрді қолданбайтын болып шықты. Карантин талабын бұзғандарға түгел айыппұл салынды.

Болат Аманбаев


Павлодар мейрамхана карантин

Хабарламаларға жазылу