Елордадағы дәмханада болған жарылыстан 3 адам ауыр халде жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы дәмханада болған жарылыстан 3 адам ауыр халде жатыр

23.11.2020

Елордадағы дәмханалардың бірінде болған жойқын жарылыстан кейін газ қондырғысы бар ғимараттарға тексеріс күшейеді. Өйткені, көп жерлерде ереже ескерілмей, соңы осындай қайғылы оқиғаға соқтырып жатады. Ал дәмханада орын алған оқыс жағдайдан зардап шеккендердің 3-еуінің жағдайы ауыр.

Асима Нұрбайқызы, тілші: 
-Бір сәтте мына ғимараттың күлі көкке ұшты. Бұрын дәмхана болғанынан қазір бірде-бір белгі қалмаған. Одан да ауыры - жарылыс салдарынан 34 адам жарақаттанып, 1 адам көз жұмды.

Зардап шеккендердің барлығы – дәмхана қызметкерлері. 23-і ауруханаға жатқызылды. Жарылыстан ас үйдің шатыры ортасына түскен. Салдарынан көп адам ауыр соққы алды. Газдан уланғандары да бар. Біразын күйік шалған. Дәрігерлер олардың жағдайы қазір орташа деп отыр. Алайда, үш науқастың хәлі нашар.  

Айгерім Ардаққызы, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз хатшысы: 
-Реанимация бөлімшесіндегі 1 адамның жағдайы өте ауыр. Пациенттердің көбісі түрлі дәрежедегі термиялық күйіктермен, орта дәрежедегі газбен уланудан емделуге жатқызылды.  

Апаттан ажал құшқан әйелдің жасы – 52-де. Ол дәмханада ыдыс жуушы болған. Қала әкімдігі марқұмның отбасына 1 млн теңге көмек көрсетеді.  Құтқарушылар оқиға орнынан 35 газ баллонын шығарған. Бұл шағын ғана дәмхана үшін тым көп деп отыр мамандар. 

Мұндай олқылықтардың алдын алу оңай болмай тұр. Өйткені, өз бетінше тексеруге төтеншеліктердің құзыреті жоқ. Мораторий. Тек шағым түссе немесе апат болса ғана әрекет етеді.  

Талғат Уәли, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі: 
-Тексеріліп, барлық түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Бірақ, төтенше жағдайлар министрлігі тек қана түсіндіру жұмыстарында ескертумен шектелеміз. Айыппұл салу біздің құзыретімізде емес. 

Қайғылы оқиға сабақ болса керек, құзырлы органдар газ баллондарының қауіпсіздігіне қатысты тексерісті күшейтетінін мәлімдеді. 

Асима Нұрбайқызы

Елорда дәмхана жарылыс газ

Хабарламаларға жазылу