Маңғыстау облысының әкімі Бозжыра шатқалында туризмді дамытуға қатысты пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысының әкімі Бозжыра шатқалында туризмді дамытуға қатысты пікір білдірді

23.11.2020

Қызылорда облысындағы шыны зауыты келер жылы іске қосылады. Бұл туралы аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мәлімдеді. Көптен күткен ірі жоба жүзеге асса отандық айна мен шыны ыдыстарға қол жеткіземіз. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер түйе сүтінен ұнтақ жасайтын және жүн өңдейтін фабрика ашуды көздеп отыр. Ал Маңғыстау аймағы туризмді дамытуға басымдық бермек. Биыл саланы ілгерілету үшін жұмсалған инвестиция көлемі 3,7 есеге артса, жыл басынан өңірге 180 мыңға жуық турист келген.

Былтыр Сыр өңірі алыс-жақын шетелдерге 600 түйе түлігін сатқан. Қазір пандемияға байланысты бұл жұмыстар кідіріп қалды. Дегенмен, Аралда түйе сүтінің ұнтағын жасайтын зауыт пен жүн өңдеп, көрпе жасайтын фабрика бой көтереді. Ал шыны зауыты құрылысының 70 пайызы аяқталған. Қажетті құрал-жабдықтар орнатылып жатыр. Тек балқыту ваннасы мен күйдіру пешін салу жұмыстары қалды. Олар біткен соң зауыт жұмысын бастайды. Сонымен қатар, өндіріс нысаны жанынан ілеспе 8 зауыт ашу да жоспарда бар. Оның үшеуі бойынша кәсіпкерлермен келісім жасалған.

Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі: 
-Жылына 1 млн долларға шыны келеді. Енді оның барлығы елімізде қалатын болады.

Байқоңырда Қазақстан азаматтары үшін келер жылы 50 пәтерлі 5 үйдің құрылысы басталады. Сонымен қатар, 1300-дей отбасына жер телімі берілген. Облыста пандемияға қарсы шаралар уақытылы жүргізілді. 21 емхана науқастарды қабылдауға дайын. 2 айға жететін дәрі қоры бар. Айта кетерлігі, карантин кезінде 54 мыңнан астам кәсіпкерге салықтық жеңілдік жасалды. 

Ал Маңыстау облысыныңда екінші жарты жылдықтың өзінде туризм саласынан 1 млрд теңгедей кіріс түскен. Теңіз жағасына жол салу, газ, электр желісі мен су құбырын тарту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Енді қонақ үй, гольф клубы мен саябақ салу жоспарланған. Ал Бозжыра маңында қонақ үй бой көтеретін болса, экологиялық ерекшелігі ескерусіз қалмайды, - дейді аймақ басшысы. 

Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының әкімі:  
-Қазір Бозжыра шатқалында қонақ үй саласын салу мәселесі инвесторлардың ұсынған жобасы. Бұл жобаны қазір біз қоғам белсенділерімен талқылау үстіндеміз. Жалпы ол жерде туризмді ұйымдастыру үшін қонақ үй өте қажет. Бұл жұмысты алда қоғамдық белсенділерімен талқылап, іске асырамыз. 

Биыл аймақта 1 412 жаңа жер учаскесін қамтитын 127 шақырым аумаққа газ құбыры тартылады. Карантин уақытында шекара арқылы тауар әкелуде қиындық туғанымен, теңіз тасымалы тоқтаған жоқ. Керісінше жандана түскен. Ақтау және Құрық теңіз порттары мен Солтүстік терминал арқылы 10 айда 4 жарым млн тонна жүк тасымалданды.

Дарын Сағитов



Қызылорда шыны зауыты Гүлшара Әбдіқалықова

Хабарламаларға жазылу