Ақмола облысында 5 жылда 34 мектеп жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 5 жылда 34 мектеп жабылды

23.11.2020

Ақмола облысында биылдың өзінде 5 бірдей мектеп жабылды. Себебі, шалғайдағы елді мекендерде халық саны азайып кеткен. Ал оқушылар тіпті жоқтың қасы. Бүгінгі күні ондаған ауылдағы 5 жарым бала көрші ауылдарға қатынап немесе интернатта жатып оқуға мәжбүр. 

Ермек Елберген, тілші:
-Бұл 2 қабатты ғимарат - Бурабай ауданына қарасты Озерный елді мекеніндегі мектеп. Кезінде орта білім беретін оқу ордасы болған. Кейін негізгі мектеп болды, соңғы жылдары бастауыш сыныптар қалған. Ал биыл балалар саны 5-еу ғана болғандықтан, мектепті жабу туралы шешім қабылданды. Қазір бұл ауылдағы оқушылар Щучинск қаласындағы мектеп-интернетта білім алуда. 

Озерный елді мекенінде 80-ге жуық үй болған. Мектеп жасындағы бала да көп еді. Алайда, жұрт ауылды тастап үдере көшті, қазір 40 шақты ғана отбасы қалған.   

Сәтібай Төлебаев, ауыл тұрғыны: 
-Жол дұрыс емес, жұмыс жоқ. Жастар бәрі кетіп жатыр. Мектебіміз биыл жабылды. 

Зеренді ауданындағы Қошқарбай ауылындағы мектепте биылдан бастап тек бастауыш сыныптар ғана оқиды. Оның өзі 6-ақ бала. Кезінде ауыл тұрғындары балалар үйінен жеткіншектерді асырап алып, мектепті сақтап қалуға тырысқан. Алайда, олар да кейін жұмыс іздеп қалаға кеткен. 

Ыбырай Балтағарин, Қошқарбай бастауыш мектебінің меңгерушісі:
-Ауылда жастар тұрмайды сол - басты себеп. Олардың көбі қалада. Ауылда тұратындар үлкен кісілер. 40 шақты үй тұр сол қалпында ауыл көшіп жатқан жоқ. 

Ақмола облысында соңғы 5 жылда 34 мектеп жабылды. Себебі, ондағы оқушы саны 5 балаға да жетпеді. Қазір өңірдегі 555 мектептің 368-і шағын жинақты. 56-сында 10-15 тен ғана оқушы бар. 

Бөтагөз Дүйсенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
-Оқушы саны аз екен деп, бірден жабылып қалмайды. Оқыту тілін, одан кейін мамандардың барлығы, мектептің жақындығы, жол тасымалдауға жарайды ма, жарамайды ма, жақсы жол болуы және тасымалдайтын көліктің сапасы осының барлығы қамтылып келіп шешім қабылданады.  

Алайда сол шағын жинақты 300-ден астам мектептің 134-і талапқа мүлде сай келмейді, яғни оқушылар саны аз, мұғалім жетіспейді деген секілді бірнеше проблема бар. Сондықтан, бұл білім ошақтары да көп ұзамай жабылуы мүмкін.  

Ермек Елберген 

Ақмола облыс мектеп білім

Хабарламаларға жазылу