Украина делегациясы Қазақстанға уақыты өткен ПТР-анықтамамен келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина делегациясы Қазақстанға уақыты өткен ПТР-анықтамамен келген

23.11.2020
Украина делегациясы Қазақстанға уақыты өткен ПТР-анықтамамен келген

Бүгін Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз қызметі осы мәселеге қатысты түсініктеме берді.  

Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдары жазғандай, Украинаның инфрақұрылым министрі Владислав Криклий, Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевский Нұр-Сұлтанға жасаған ресми сапарлары кезінде «жалған» анықтамамен ұсталған.

Бүгін Қазақстан Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Украина делегациясында анықтама болған, тек оның уақыты өтіп кеткен.

«Украинаның инфрақұрылым министрі В. Криклийдің Қазақстанға сапары аясында биыл 12 қарашада Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Украинаның Инфрақұрылым министрлігі арасында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ Украина делегациясымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр да кездесті.

Қазақстан тарапы ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин мен Украинаның инфрақұрылым министрі Владислав Криклийдің кездесуін ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді. Алайда Украина делегациясы мүшелерінің ПТР-анықтамаларының жарамдылық мерзімінің өтуіне (бес күннен астам) байланысты ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Владислав Криклий кездескен жоқ», - деп хабарлайды Министрлер кабинетінің баспасөз хатшысы.


Хабарламаларға жазылу