IX Азаматтық форум басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

IX Азаматтық форум басталды

23.11.2020
IX Азаматтық форум басталды

Бүгін IX Азаматтық форум басталды. Шара аясында министрлік басшыларының үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен 12 салалық онлайн-кездесу өткізу жоспарланып отыр. Форум 26 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Азаматтық форумның бірінші күні министрлердің үкіметтік емес сектор өкілдерімен кездесулері өтеді. ҮЕҰ кездесулерді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, бірінші Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров өткізеді.

Азаматтық форумға қатысушылар онлайн режимінде барлық спикерлерге сұрақ қойып, қорытынды шығарып, алдағы жұмыс жоспарларын талқылай алады.

«Форум аясында ҮЕҰ-мен кездесулер өткізу мемлекеттік органдар қызметінің транспаренттілігін және мемлекет іске асыратын бағдарламалар мен бастамалар туралы жұртшылықтың хабардар болуын арттыруға ықпал етеді. ҮЕҰ - мен өзара іс-қимыл мемлекеттік органдарға жедел әрекет етуге және халықтың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді», - деп хабарлады ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметов.

Жалпы, форум барысында мемлекет пен азаматтық қоғамның денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету саласындағы өзара іс-қимылы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі тиісті ұсынымдар мен бірлескен іс-қимылдар жоспарларын әзірлеу сынды мәселелер талқыланады.

Кездесулер Facebook, Youtube: azamattyqforum, Instagram әлеуметтік желілерінде онлайн режимінде көрсетіледі.

Форум бағдарламасы және қатысушыларды тіркеу www.azamattyqforum.kz сайтында қолжетімді.

Азаматтық форум

Хабарламаларға жазылу