Қазақ әскері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік операцияларына көбірек қатысуы керек. Президент қорғаныс министрілігіне келер жылға дейін осы бағытта жоспар түзіп, жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ 2021 жылдың 1 қарашасына дейін армияның идеологиялық тұжырымдамасы әзірленуі керек. Бұл тапсырмаларды Мемлекет басшысы бүгін Қорғаныс министрілігің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты.
Жиынды бастамай тұрып Мемлекет басшысы отан қорғау жолында қаза тапқан әскерилерге тағзым етіп, «Мәңгі есімізде» монументіне гүл шоқтарын қойды. Келер жылы тәуелсіздігімізге 30 жыл. Ел іргесі бекіп, керегесі кеңейді. Бейбіт өміріміздің қорғаны болған қазақ армиясы толықтай қалыптасты.
Жаһандану кезеңінде әртүрлі өзгерістер тым жылдам орын алып жатыр. Соғыс өрті лезде лаулап кеткен жағдайларды да өз көріп, құлақ естіді. Президент әскер басшыларын әлемдік әрі аймақтық жағдайды жіті бақылап отыруға шақырды. Өйткені қазір қауіпсіздік архитектурасы мүлдем басқаша.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Ішкі толқулар, төңкерістер ел тұтастығына сөзсіз әсер етеді деп санаймын. Оған Брест бітімінен бастап Қап тауындағы соңғы жағдайларға дейінгі тарихтың жаңа парақтары куә. Мұндай жағдайда мемлекеттің егемендігі мен тұтастығының жалғыз кепілі – Қарулы Күштер. Елімізді сыртқы қауіп-қатерден қорғап тұрған әскери қызметшілерді мемлекет әрдайым қолдайды. Президент және Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде қорғаныс саласына ерекше көңіл бөлуді өз жұмысымның басым бағыты ретінде санаймын.
Президент әскердегі моральдық-психологиялық ахуалды және сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеру аса маңызды екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-2021 жылғы 1 қарашаға дейін Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардағы идеологиялық жұмыстардың тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын.
Өз әскерін бақпаған ел өзгенің әскерін бағады деген тұрақты тәмсіл бар. Қорғанысы айбынсыз ұлт қорғансыздың күйін кешеді. Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерге берілетін қаржылай төлем алдағы 3 жылда 30 пайызға көбейетінін айтты. Келер жылдан бастап күштік құрылымдарға арналған азық-түлікке бөлінетін қаржы да артады.
Президент министрлікке келер жылдың тамызына дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің БҰҰ бітімгерлік операцияларына қатысуын кеңейту жөніндегі Жол картасын әзірлеуді міндеттеді.
Қазір соғыстың өзі жаңа деңгейге шығып кеткен. Бұрынғы автомат, танкілердің орнына қашықтан басқарылатын дрондар келді. Ақпараттық, цифрлық текетірес тағы бар. Замана ағымынан қалыс қалмау үшін қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары қызметі ашылды. Президент ұйымға 2021 жылдың 1 қарашасына дейін Әскери бағыттағы біртұтас ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторын құруды тапсырды.
Мемлекет басшысы әскери құрылымдарды қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етудің бірқатар басымдығын атады. Президент әуе қорғанысын күшейту, әскер түрлерінің радиоэлектронды күрес элементтерін дамыту, әскердің жедел әрекет ету әлеуетін көтеру мақсатында әскери-транспорттық авиация паркін арттыру бағыттарына басымдық берді.
Шерхан Жамбылұлы