Елорда іргесіндегі елді мекен тұрғындары электр қуаты үшін 5 жылдан бері қосымша ақы төлеп келеді. «КИПЭСТ» деген серіктестік ай сайын әр шаңырақтан 2 мың теңге жинап алады. Шағым айтқан халық талай табалдырық тоздырған. Бірақ, нәтиже жоқ. Оның үстіне жарыққа жарып отырса, бір сәрі. Әбден мезі болған тұрғындар қуат өндіретін құрылғыларды өздері сатып алып, пайдаланып отыр.
Дарын Сағитов, тілші:-Ауылдағы ағайын қосымша ақшаның қайда жұмсалатынын білмейміз дейді. Себебі қызмет сапасыз, жарық жиі сөнеді. Электр пештері істен шықса қыста жылусыз қалуымыз мүмкін дейді жұртшылық.
Тайтөбенің тұрғыны Әлия Қалиасқарова электр қуаты мен серіктестік қызметі үшін ай сайын 18 мың теңге төлейді. Бірақ, жарық жиі өшеді. Оған да қамданып, инвертор мен аккумулятор сатып алған. Бірақ мұндайда пеш өте қауіпті, - дейді ауылдықтар.
Әлия Қалиасқарова, Тайтөбе ауылының тұрғыны:-Жүгіріп келіп, пешті өшіруіміз керек. Өшірмесе мынау атылып кетеді. Үйдің бәрі жанып кетеді. Біз былтыр шулағаннан кейін олар 3 мыңнан 2 мың теңгеге түсірді.
Тұрғындардың бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Олар электр қуатын Ақмола электржелілік үлестіру компаниясынан алсақ дейді. Тиісті орындарға бірнеше мәрте хат та жазған. Сонда да сең қозғалар емес.
Руслан Айтжанов, Тайтөбе ауылының тұрғыны:-Жылда хат аламыз, бірақ мәселе шешілмейді. Көпбалалы отбасымыз. Жәрдемақы аламыз «Күміс алқаға», 16 мың теңге. Сол жарық төлеуге кетеді.
«КИПЭСТ» серіктестігі ауданда 5 ауылға электр қуатын жеткізеді. Қарамағында 5 мыңға жуық абонент бар. «АРЭК»-тен алған әр киловаттың құнына 1 тиын қоспайды. Жеке тұлғалар 17, заңды тұлғалар 25 теңгеден алады. Ал қосымша 2 мың теңге еңбекақы мен басқа да шығындарға жұмсалады, - дейді серіктестік басшылығы.
Әкімдіктің айтуынша, тұтынушыларды «АРЭК» қарамағына өткізу үшін, алдымен мемлекет меншігіндегі желілерді компанияға беру қажет. Сонда нысандар сенімгерлік басқаруға өтеді. Ал ол үшін табиғи монополиялар және мемлекеттік мүлік туралы заңдар мен салық Кодексін өзгерту керек. Бұған қатысты Үкімет басшысы тиісті министрліктерге тапсырма да берген.
Рахымжан Уалшеев, Целиноград ауданы тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:-Нысандарды электржелілерін таратушы «АРЭК» АҚ тарату мүмкін емес. Тапсырып өзінің балансына енгізу үшін жаңағы заңнамалар қайшылықтар келтіреді. Соған байланысты осындай кішкене кедіргілер бар. Қазір сол өзгерістер қаралып жатыр.
Компанияның қазіргі тарифі желілерді күтіп ұстауға жетпейді. Мәселе оң шешіліп жатса, электр қуатының құны қымбаттайды. Ал аудандағы электр желілері ескі емес, - дейді әкімдіктегілер. Өйткені 2009 жылдан саланы жаңғыртуға қазынадан 18 млрд теңге қаржы бөлінген.
Дарын Сағитов