Egov.kz порталына бет әлбетті көрсету арқылы тіркелуге болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Egov.kz порталына бет әлбетті көрсету арқылы тіркелуге болады

17.11.2020

Қағазбастылықтан арылатын күн алыс емес. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматқа көшеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің айтуынша қазір 700-ге жуық қызмет түрі бар.  

Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру басым бағыттардың бірі. Бағдат Мусин қарапайым халық үшін электронды цифрлы қолтаңбаны алып, порталға тіркелудің өзі қиын дейді. Сол үшін бұл процесті барыншы жеңіл әрі қауіпсіз етпек.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: 
-Осы тетіктерді шешу мақсатында порталда биометрия арқылы тіркелу іске асырылды. Енді Egov пайдаланушысы болу үшін смартфоныңызды алдыңызға қойып, өз келбетіңізді көрсету жеткілікті. Қазір осы механизм тестілеуде. Ағымдағы айдың соңына дейін іске қосамыз.  

Енді электронды қолтаңба үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып уақыт жоғалтпайсыз. Камера арқылы Egov-та тіркеліп, 700-ге жуық қызметтің 85 пайызын онлайн аласыз. Тіпті құжатыңыз дайын болғанда оны үйіңізге дейін жеткізіп беру қызметі іске қосылмақ. Әрі жыл соңына дейін қызметтердің 90 процентін электронды форматқа көшіру көзделген. Тіпті жұмысқа орналасу үшін жұмыспен қамту орталығына барудың қажеті болмайды.  

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:  
-Ендігі кезде барлық жұмыспен қамту шаралары, құралдары, вакансиялары еңбек биржасында қалыптасып, портал жұмыс іздеп жүрген адамға дағдыларына сәйкес автоматты түрде вакансияларды еңбек бағдарламасы арқылы ұсынатын болады. Яғни шешімді ақпараттық жүйе қабылдайды.  

Ал осы ақпараттық жүйе 10 күн ішінде жұмыс тауып бере алмаса, сол адамды автоматты түрде жұмыссыз ретінде тіркеп, төлем тағайындайды. Сондай-ақ жыл соңына дейін Egov порталынан 30-дан астам қағаз анықтама алынып тасталады. Премьер-Министр бюрократиядан арылу үшін осы жұмысты жалғастыру керек дейді.  

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:  
-Халыққа біздің жұмыстың нақты нәтижесі қажет. Жалпы 2021 жылы қағаз анықтамалардың қажеттілігін толығымен жоюымыз керек. Азаматтарға арналған үкімет корпорациясы қызметтерді жеткізу және барлық онлайн қызметтер мен сервистердің 100 пайыз қолжетімділігін қамтамасыз етуі қажет.  

Сондай-ақ ипотека рәсімдеу де жеңілдеді. Қазір ол үшін сатылатын үйді банкке кепілге қою керек. Нотариуске кейін Халыққа қызмет көрсету орталығына одан кейін банкке әрлі-берлі жүріс көп. Әрі үш күннен артық уақытты алады. Енді бұл іс бір жерде іске аспақ.  

Досжан Маратұлы 


Egov портал Қағазбастылық

Хабарламаларға жазылу