2021 жылы қағаз нұсқадағы анықтамаларды толығымен жоюымыз керек. Үкімет отырысында Премьер-Министр осындай міндет қойды.
«Смартфон қолданушылар саны өсіп жатыр, осы ретте мемлекеттік қызметтер мен сервистерді мобильді платформада көрсету қажеттілігі артып отыр. Ең қажетті әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді мобильді форматқа көшіру жұмысын жандандыру қажет. Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді eGov мобайлға ауыстыру бойынша жоспарды бекітуді тапсырамын.
Жалпы, 2021 жылы қағаз нұсқа сұралатын барлық анықтаманы жоюымыз керек. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясынан қызметтерді жеткізуді және барлық онлайн қызметтер мен сервистердің 100 пайыз қолжетімділігі қамтамасыз етуіміз қажет», - деді Үкімет басшысы.
Асқар Мамин осы жылдың соңына дейін әлеуметтік және еңбек саласында электрондық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көрсеткіші 90 пайызға жеткізілетінін де айта өтті.
Сондай-ақ Еңбек министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау және төлеу процестерін цифрландыру үшін қажетті деректерді толық цифрландыру мен жаңартуды қамтамасыз етуді тапсырды.
«Сервис пен кері байланыс деңгейін арттыру қажет, халық қажетті мемлекеттік қызметті кезексіз, артық ешқайда бармай алуы керек. Мысалы, қазір үйлер пайдалануға көптеп тапсырылып жатыр, әртүрлі тұрғын үй бағдарламалары бар. Ипотека алу және кепілге қою механизмін барынша жеңілдету қажет.
Орталық және жергілікті атқарушы органдарға барлық ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмысы мен тиімді интеграциясын қамтамасыз етуді, олардың сапасын арттыру шараларын қабылдауды тапсырамын, олар халықтың пайдалануы үшін жеңіл болуы тиіс», - деп түйіндеді Мамин.