«Go International: Kazakhstan» инвестициялық вебинары өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Go International: Kazakhstan» инвестициялық вебинары өтті

13.11.2020
«Go International: Kazakhstan» инвестициялық вебинары өтті

13 қарашада Қазақстанның Бельгиядағы және Люксембургтегі Елшілігі «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясымен және Люксембург Сауда палатасымен бірлесіп ұйымдастырған «Go International: Kazakhstan» инвестициялық вебинары өтті. 

Қазақстан мен Люксембургтің 100-ге жуық үкіметтік және іскерлік топтарының өкілдерін жинаған іс-шараға Қазақстанның Люксембургтегі Елшісі Айгүл Құспан,Люксембург Сауда палатасының Халықаралық қатынастар жөніндегі директоры Синди Тереба, Инвестициялар комитетінің Төрағасы Асқар Шоқыбаев, Қазақстанның Люксембургтегі Құрметті консулы – «Eurasian Resources Group» Бас атқарушы директоры Бенедикт Соботка, «AIFC Business Connect» Бас атқарушы директоры Джеймс Мартин, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының АҚ Логистика және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Басқарушы директоры Ержан Тұтқышев және т.б. қатысты.

Айгүл Құспан Люксембург үлкен жетістіктерге қол жеткізген салалардағы жоғары технологиялық шешімдерді пайдалана отырып, әсіресе инновация, цифрландыру, авиация, ғарыш өнеркәсібі және қаржы-банк қызметі саласындағы люксембургтік компанияларды бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Дипломат Люксембург бизнесінің ашықтық, икемділік, тиімді менеджмент, ақпараттық және жоғары технологияларды пайдалану, көптілділік сияқты қасиеттерін атап өтті.

«Еуропаның төңірегінде бірегей географиялық орналасуы Люксембургке қаржы мен бизнесті дамыту үшін артықшылық береді. Герцогтік – әлемнің технологиялық жобалары мен стартаптарын тартатын инновациялық және қаржылық хаб болып табылады. Еуропа мен Азия арасындағы трансконтиненталдық көлік дәліздерінің қиылысында өзінің тиімді орналасуына байланысты Қазақстан Орталық Азия, Каспий бассейні елдерін және Батыс Қытайды қоса алғанда, 500 млн. астам тұтынушылардың нарығына тікелей қол жеткізе алады. Қазақстан мен Люксембургтің ұқсастығы елдеріміздегі көптеген этностар өкілдерінің тұрып жатқандығында. Оларды өзара құрмет пен достық біріктіреді. Осының барлығы екі елге «түйісу нүктелерін» және ынтымақтастықтың жаңа тараптарын табуға мүмкіндік береді», деп атап өтті қазақстандық дипломат. 

Люксембург Сауда палатасының Халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Синди Тереба пандемияның қиын кезеңдерінде халықаралық сауда қарым-қатынастарын сақтау және жаңа нарықтарды игеру маңызды екеніне сенімді. Сондықтан Сауда палатасы қазақстандық-люксембургтік инвестициялық вебинар сияқты инновациялық шешімдерді енгізе отырып, компанияларға өз қолдауын нығайтуға ұмтылады. 

Инвестициялар комитетінің Төрағасы Асқар Шоқыбаев елдер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін үлкен әлеуетті атап өтіп, Люксембург компанияларын өзара тиімді жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырды. 

«Қазіргі таңда Қазақстан бизнес жүргізу үшін ыңғайлы жағдай ұсынады. Елімізде 13 арнайы экономикалық (АЭА) және 23 индустриялық аймақ жұмыс істейді. АЭА қатысушыларына салық жеңілдіктері және басқа да преференциялар беріледі. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және инвестициялық қызметті ынталандыру мақсатында Қазақстанда арнайы тікелей инвестициялар қоры мен «Астана» Халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді», деді Шоқыбаев. 

«Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының шетелдік өкілі Айнұр Тұмышева, «AIFC Business Connect» Бас атқарушы директоры Джеймс Мартин, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Логистика және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі басқарушы директоры Ержан Тұтқышев Қазақстанда бизнес жүргізу тиімділігі туралы презентация жасады. 

Вебинардың басым бөлігі Қазақстандағы люксембургтік компаниялардың жетістіктеріне арналды. Олар туралы «G-Core Labs» Бас атқарушы директоры Андре Райтенбах, «Arcelor Mittal CIS» Бас директоры Вижай Гойал және «Arendt & Medernach» компаниясының Мәскеудегі офисінің басшысы Александр Соколов айтып берді. 

«Біз Қазақстанда бизнес жүргізу жағдайларына оң көзбен қараймыз, себебі елдің даму әлеуеті зор екенін білеміз. Қазақстанда бізде 62 000-нан астам адам жұмыс істейді, «ERG» - бұл еліміздің тау-кен металлургия өнеркәсібінің үштен бірі. Мен Қазақстанның Люксембургтегі Құрметті консулы ретінде Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге үлес қосатыныма қуаныштымын. Қазақстан Елшілігімен бірге үнемі әр түрлі мәдени іс-шаралар өткізіп отырамыз, екіжақты қарым-қатынастарды, сауда және инвестицияларды дамытуға ықпал етеміз», деді «Eurasian Resources Group» компаниясының Бас атқарушы директоры Бенедикт Соботка. 

COVID-19 пандемиясына қарамастан, 2020 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өзара сауда жағымды көрсеткіштерді көрсетті (1,6 млрд. АҚШ). 2005 жылдан бастап 2020 жылдың екінші жартыжылдығы аралығында Люксембургтен Қазақстанға тікелей инвестициялар ағыны 1,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында Люксембург капиталының қатысуымен 172 компания жұмыс істейді.  


Бельгия Люксембург Kazakh Invest

Хабарламаларға жазылу