Алматыда пәтер тонаумен айналысып келген қылмыстық топ ұсталды.
Ұрыларды құрықтау үшін криминалдық полиция қызметкерлері арнайы жасақ сарбаздарымен бірге жедел әрекет ету шарасын ұйымдастырған. Алматы облысының 34 және 22 жастағы тұрғындары Қабанбай көшесінің бойындағы пәтерден құнды заттарды ұрлау кезінде қолға түсті. Қаскөйлер жазадан сытылып кете алмады. Тоналған бағалы заттардың барлығы тәркіленді. Күдіктілердің екеуі де дәл осындай қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталған.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Тергеудің осы сатысында көрсетілген «үштіктің» Алматы аумағында 11 қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды. Сонымен қатар, біздің ақпаратымыз бойынша, оларды біздің әріптестеріміз Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында бірнеше рет пәтер тонағандары үшін іздеуде.
Сонымен қатар мегополисте тұрғындарға мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып беруге уәде беріп келген алаяқ ұсталды. Ол осы қызметі үшін азаматтардан 750 мың теңге алып келген. Қазір ол да дәл осындай 20 қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен уақытша тергеу изоляторына қамалды. Күдіктінің қылмысы дәлелденсе үш жылын темір торда өткізуі мүмкін.
Қуан Нұрақын