Шымкентте белгісіз кеселден қырылған құстардан алынған сынамадан құс тұмауы белгілері анықталмады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасы мәлімдеді. 300-ден астам құстың өлексесі зертханаға жіберілген. Ветеринарлар олардың құстарда кездесетін оба секілді өзге аурулардан қырылғанын айтады. Жалпы кеселге қарсы вакцина үшін Үкіметтен қаржы қаралмаған. Оны құстардың иелері өздері сатып алуы тиіс. Әзірге құс тұмауына қарсы екпе мемлекет есебінен салынуда. Шаһардағы 370 мыңнан астам құстың жартысы егілген.
Манарбек Ержігітов, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы:-20 сынама алынып, ветеринария саласы бойынша ұлттық орталықтың Алматы қаласындағы филиалына жіберілді. Қазіргі таңда сынаманың бәрі ауруға теріс нәтиже беріп отыр. Шымкентте құс тұмауы жоқ.
Атыраудағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында қырылған 80-нен астам шағала мен суқұзғыннан да құс тұмауы анықталған жоқ. Алғашқы зертхана қорытындысын жариялаған құзырлы мекеме енді су мен топырақтан және ауадан алынған сынаманың нәтижесін күтпек.
Ғани Қалмаханов