Жолы жоқ елді мекендерге қоғамдық көлік қатынамайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолы жоқ елді мекендерге қоғамдық көлік қатынамайды

10.11.2020

«Жол шұрық-тесік, қоғамдық көлік қатынамайды». Ақтөбе қаласына қарасты Келешек елді мекенінің тұрғындары ондаған жыл бойы қиындық көріп келе жатқандарын айтып шағымданды. Олар ең жақын деген 3 шақырым жердегі аялдаманың өзіне 40 минут жаяу жүріп баруға мәжбүр. Дәл осындай мәселе Өскеменде де туындап отыр. 

Жақсыбек Кемал, тілші: 
- Елек өзені арқылы өтетін мына ағаш көпірді тұрғындардың өздері салып алған. Қысы-жазы жандарын шүберекке түйіп балаларын балабақша мен мектепке осы арқылы тасымалдауға мәжбүр. Өйткені, елді мекенге кіретін көлік жоқ. Ал дауылды, жауынды күндері тіпті, жол болмай қалады екен.

Бұл шағын көпірден бірнеше мәрте адамдар суға да құлап кеткен. Абырой болғанда, аман қалған. Ал, ауылға кіретін асфальт жамылғысы бар мына жалғыз жолдың өзі соңғы бірнеше жылда жарамсыз күйге түскен. Ойдым-ойдымы шыққан көшеге қоғамдық көлік тұрмақ, таксилердің өзі әрең кіреді. 

 Гүлнәр Гумарова, тұрғын: 
-Қыстай-жаздайына жаңбырда оған қарамастан сабақтан қалмау керек, жұмыстан қалмау керек,сондықтан жаяу жүруге мәжбүрміз. Балалардың қолдан жасаған көпірі бар, сонымен жүреміз, ол да қауіпті, қиын нәрсе.

Тұрғындар мәселені айтып, әкімдіктің табалдырығын тоздырдық дейді. Бірақ, әзірге олардың жанайқайына құлақ асар ешкім жоқ. 

Жайық Қодаш, қалалық ТҮКШ бөлімінің жетекші маманы:
-Асфальт жабындысы жоқ және үлкен сыйымдылықты «ЖАК» маркалы автобустар жүруге ыңғайсыз. Жол салынғаннан кейін магистральді жолдармен автобустар жібереміз. Сол себептің 19 бағыт, 23 бағыт автобустарының қозғалыс сызбасын өзгерту жұмыстары қаралатын болады.

Өскеменде осыған ұқсас мәселе. Тұрғындар 1шақырым жолды жөндеп беруді сұрайды. Өйткені, бұл проблема қоғамдық көліктің қатынасына кедергі келтіріп тұр. Жұрт бір автобусты ғана сағаттап күтеміз дейді. 

Ермек Ысқақов, қала тұрғыны:
-1 шақырым ғана жол. Бұл жерде өзі 6 саяжай қауымдастығы бар. Орта есеппен алғанда, 1000 отбасы тұрады, әрқайсысында 3 адамнан дегенде, осы жерде 3000 адам тұрады. 

Ал автобус жүргізушілері жолдың нашарлығын алға тартып отыр. Тұрғындардың айтуынша, бұл жердегі аялдама да жеке қолға өтіп кеткен. Жергілікті билік өкілдері болса, жолдағы шұңқырларды бітеп, жеңіл-желпі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді. 

Жақсыбек Кемал

елді мекен Жол көлік

Хабарламаларға жазылу