Шымкентте кинотеатрлардың 100-ден астам қызметкері жұмыссыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте кинотеатрлардың 100-ден астам қызметкері жұмыссыз отыр

09.11.2020

Шымкент қаласында эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталғанына қарамастан кинотеатрлар жұмысына рұқсат берілмей отыр. Кәсіп иелері науқастар санының азаюына байланысты «жасыл аймақ» санатына енген мегаполисте бизнестің бұл түрін неге бұғаулап отырғанын түсіне алмай дал. Өйткені еліміздің біраз аймағы, оның ішінде тап іргедегі көршілес Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы кино көрсету орындары қазан айының соңынан бастап іске кірісіп кетті.  

Назира сегіз айдан бері жұмыссыз. Кинотеатрда қойма меңгерушісі болып жұмыс істейтін. Үйдегі ұл-қыздарының жалғыз асыраушысы өзі. Отбасының бар ауыртпалығы өзіне түсіп тұр.

Нәзира Анарбекова, қойма меңгерушісі: 
-Күнделікті тамаққа да ақша таба алмай отырмыз. Оның үстіне өткенде ауырып қалдық. Сол кезде дәріге де ақша таппай қалдық. Қатты қиналып жүрміз.  

Назира секілді шаһар кинотеатрларында жұмыс істейтін 100-ден астам қызметкердің күйі осы. Өзге жер жұмысқа алмайды. Жалдамалы кәсіптің жалақысы мардымсыз. Әрі тұрақты емес.

Динара Әліпбек, кинотеатр қызметкері: 
-Жас отбасымыз. Жалдамалы пәтерде тұрамыз. Қазіргі таңда пәтердің ақшасын төлеу де қиынға соғып жатыр. 

Шымкент қаласында 5 кинотеатр бар. Наурыз айынан бергі ғимараттың күтімі, күзеті, коммуналдық қызметіне кеткен шығын өз алдына, ең бастысы салаға ең керекті мамандарды ұстап қалу қиын соғуда. Бірнеше миллионға сатып алынған құрал-жабдықтармен екінің бірі жұмыс істей алмайды.

Еркебұлан Рахмет, кинотеатрлар желісінің директоры:
-Ең бастысы ІТ, киномеханиктер. Оларды үйрету, оларды баулу өте қиынға түседі. Ұзақ уақытты талап етеді. Сондай қызметкерлерден айырылып қалуымыз мүмкін.

Шаһардағы кинотеатрлар санитарлық талаптарға сай керек-жарағын қамдап сай отыр. Көрермендер залын сәулемен залалсыздандыру үшін кварц шамы орнатылған. Орындықтар алшақ қойылған. Антисептик, қорғаныш киімдері де жеткілікті.

 Ғани Қалмаханов 


Шымкент кинотеатр

Хабарламаларға жазылу