Елорда іргесіндегі ауыл жұрты жол азабын тартып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда іргесіндегі ауыл жұрты жол азабын тартып отыр

09.11.2020

Елорда іргесіндегі Қажымұқан ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр. Халық бұл мәселені бірнеше жылдан бері айтып келеді, бірақ тыңдар құлақ жоқ. «Көктемде белуардан саз кешіп, қыста омбы қардан аяқ алып жүре алмаймыз», - дейді жергілікті жұрт. Ауыл атқамінерлері кіреберіс жолға тым құрығанда тас төгіп, тегістеп береміз деп уәде еткен көрінеді. Бірақ қолға алған жұмыс мардымсыз.  

Бұл елордадан небәрі 20 шақырым жердегі Қажымұқан ауылының тұрғындары. Жағдайын айтып, талай табалдырықты тоздырған. Бірақ жылдар бойы құрғақ уәдеге әбден тойғанын айтып налиды.

 Жұрт айтып отырған қос ауданда қазір 300-ден астам шаңырақ бар. Шағымдары ортақ, уайымдары бір. Ауыл әкімдігі биыл ішкі жолдардан бұрын кіреберіс жолды тегістеп береміз деп уәде еткен. Алайда қолға алған жұмыс аяқсыз қалыпты. 

Дарын Сағитов, тілші:
Ауылға кіреберіс жолға екі ай бұрын тас төгілген екен. Бірақ ол әлі күнге дейін тегістелмеген. Қыс болса қыр астында. Егер осы күйінде жата беретін болса, боранда тіптен қиын болады дейді жұртшылық.

Аудандағылар ауылдағы ағайынның жағдайын жақсы білеміз деп отыр. Айтуларынша, Қажымұқан ауылына 8 шақырымнан астам жол салу жоспарда бар. Оның жартысы жаңағы шағын ауданда төселеді. Бірақ жобаны бастау үшін алдымен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажет. 

Данара Әшімова, Целиноград ауданы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы:
Жобалық-сметалық құжаттаманың аяқталу мерзімі 2021 жылға жоспарланды. Құжаттаманы алған соң, 2022 жылы бюджеттен қаражат сұралады. Қараша айының ортасына дейін жолға төселген тасты тегістеу жұмыстары аяқталады.

Тиісті бөлімдегілердің сөзіне қарағанда, қажымұқандықтар келер жылы да жолсыз отырады. Ал бюджеттен жоба үшін қаржы бөлінбесе, онда қордаланған мәселенің шешілуі тағы да ұзаққа созылары айдан анық.

Дарын Сағитов

Қажымұқан ауылы жол мәселесі

Хабарламаларға жазылу