Польшаға оқуға барған 16 жастағы қазақстандық оққа ұшты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Польшаға оқуға барған 16 жастағы қазақстандық оққа ұшты

06.11.2020

Польшаға оқуға барған 16 жастағы қазақстандықты аң аулауға шыққан азамат атып өлтірген. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің өкілдері мәлімдеді. 1-ші қарашада кешкілік бір топ студент жатақханадан шығып жақын маңдағы баққа барған. Сол кезде біреу оқ атып, бір бала жараланған. Жедел жәрдем шақырғанмен отандысымыз көз жұмды. Ал, келесі күні отставкадағы полицей мен оның досы ұсталған. Күдікті қараңғыда аң аттым деп ойлағанын айтады. Ал, Польшаның аңшылар қауымдастығы ол қылмыс жасаған сәтте браконьерлікпен айналысқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, баланың отбасына жәрдем беретінін хабарлады. Ал, польшалық белсенділер 10-шы қарашада осы оқиғаға байланысты қарсылық акциясына шығатынын жазып жатыр.  

Айбек Смадияр, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі: 
-Қазақстандық тарап Поляк биліктеріне бұл тергеуді мұқият жүргізіп, барлық кінәлілерді жазалау туралы өтініш білдірді. Қазір құжаттардың бәрі рәсімделіп жатыр, консул сол оқиға болған қалаға іс-сапармен шықты. Біздің болжам бойынша келесі апта басында денесі Қазақстанға жеткізіледі. 

Тағы бір қайғылы оқиға. 2-ші қарашада Оңтүстік Кореяда жүрген Қазақстан азаматы қайтыс болды. Ол көлік рөліне ие бола алмай жол апатына ұшыраған. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша 1998 жылы туған жігіт шет елге заңсыз жұмыс істеуге барған. Қазір құжаттары рәсімделіп, марқұмның денесін елге әкелу қаралып жатыр.  

Амангелді Сейітхан                                                            


Польша Сыртқы істер министрлігі

Хабарламаларға жазылу