Шымкентте карантин тағы екі аптаға созылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте карантин тағы екі аптаға созылды

06.11.2020

Індеттің ілмегіне іліккендер күн санап ұлғаюда. Осыған орай бірқатар облыстарда карантин талаптары қатайтылды. Блок-бекеттер орнатылып, қоғамдық тамақтану орындары, мейрамханалар жабылды. Сондай-ақ, Шымкентте карантин тәртібі тағы 2 аптаға ұзартылды. Ал Балқашта шектеу шаралары керісінше жеңілдетілді.  

9-шы қарашадан бастап Павлодар қаласын айналдыра блок-бекеттер қойылады. Әуе және темір жол қатынасы шектеледі. Ал, 10-нан астам вирус жұқтыру дерегі тіркелсе, елді мекендерге де санитарлық бекеттер орнатылады. Шектеу шараларын күшейтуге өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың күрделене түсуі себеп болып отыр.

Батырбек Әлиев, облыстың бас санитарлық дәрігері:  
-Арнайы сайт іске қосылады. Сол сайтқа тіркелу арқылы блок-бекеттен еркін өтуге болады. Ал, тіркеліп үлгермегендер қарашаның 9-ы мен 13-і аралығында жұмыс берушінің жазбаша анықтамасын қолдана алады. Дәрігерлік жолдама және басқа да рұқсаты бар адамдарға кідіріссіз жоқ.  

Көкшетаудың айналасына санитарлық бекеттер қойылуда. Ертеңнен бастап қалаға кіріп-шыққандар тексеріледі, есепке алынады. Мұндай бекеттер Алматы облысының Шығыс Қазақстан облысымен шектесетін тұсында да орнатылып жатыр. Облысқа кірген, шыққан азаматтардың дене қызуы өлшеніп, мәліметтері жазылады. Сондай-ақ бүгіннен бастап өңірде аумағы 2000 шаршы метрден асатын сауда, ойын-сауық орталықтары жұмысын тоқтатты. Қоғамдық тамақтану орындары, мейрамханалар мен дәмханалар да жабылды.

Орал қаласын блок-бекеттермен шегендеу де ұсынылып отыр. Өйткені шаһарда індет жұқтырғандар саны ұлғайған. Соңғы екі күнде үш есе артты. Бұған қоса бұрын Ресейден келетін ел азаматтары тесттік тексерістен өтсе, енді халықаралық жүк тасымалдаушылары да ПТР сынама тапсырады.

Нұрлыбек Мұстаев, БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:  
-Ресей Федерациясымен екі жақты жүк тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілерді де ПТР сынамасын талап ететін болғанбыз. Бүгінгі таңда 5800-дей көлік жүргізуші өтіп, оның 1544-де ПТР сынамасы болмаған.  

Петропавл қаласы да 9-шы қарашадан бастап карантинге жабылады. Облыс аумағына ұшақ және пойызбен келетіндердің барлығы да ПТР тестілеуден өткендігі туралы анықтама көрсетуі тиіс. Өңірде соңғы айда ковидке шалдыққандар саны 2,7 есеге көбейген.

Рауан Диәли 


карантин талаптары өңір

Хабарламаларға жазылу