Қытаймен келіссөз жүргізу оңай емес - Экология министрі су бөлу мәселесі жөнінде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытаймен келіссөз жүргізу оңай емес - Экология министрі су бөлу мәселесі жөнінде

06.11.2020
Қытаймен келіссөз жүргізу оңай емес - Экология министрі су бөлу мәселесі жөнінде

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Сенаттың үкімет сағатында Қытаймен су ресурстарын бөлу мәселесіне қатысты келіссөздердің күрделі өтіп жатқанын айтты.

«Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы су қатынастары трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісіммен реттеледі. Бүгінгі күнгі негізгі проблема - трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөніндегі келісімнің болмауында. Негізі келісім бойынша жұмыс 2015 жылдан басталған. Ашығын айту керек, келіссөздер оңай емес. Қытай шекара маңындағы ешбір елмен су бөлу жөнінде келіссөз жүргізбейтінін ерекше атап өткім келеді. Қазақстан - Қытаймен келіссөз жүргізіп жатқан алғашқы және жалғыз ел», - деді министр.

Оның айтуынша, Қазақстан келісімге трансшекаралық өзендердің экожүйесін сақтау мәселелерін енгізуді талап етіп жатыр. Бірақ Қытай тарапы бұған мүдделі емес.

Министр сонымен қатар отандық сарапшылардың табандылығының арқасында 2019 жылы тараптардың су ресурстарына құқықтарын кешенді қарау және трансшекаралық су объектілерінің экожүйелерін сақтау бойынша Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілгенін, келіссөздердің жалғасып жатқанын да жеткізді.

Мағзұм Мырзағалиевтің дерегінше, Қазақстанның 8 су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық болып саналады. Соның салдарынан еліміз шектес елдердің, атап айтқанда Қытаймен, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Ресей Федерациясымен су шаруашылығы саясатымен тығыз байланысты.


су Экология министрлігі трансшекаралық өзендер

Хабарламаларға жазылу