Шар су қоймасын жөндеу жұмыстары аяқсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шар су қоймасын жөндеу жұмыстары аяқсыз қалды

05.11.2020

Шығыс Қазақстандағы Жарма ауданында орналасқан Шар су қоймасы жөнделмей аяқсыз қалды. Тозығы жеткен нысанды жаңғырту үшін мемлекеттен миллиардтаған қаржы бөлінген. Бірақ, құрылыс уақытында бітпеді. Салдарынан өңір диқандары төрт жылдан бері не егін еге алмай, не малға азық таба алмай қиналып отыр.  

Ержан Жақып, тілші:  
-Көлемі 80 млн текше метр су сиятын Шар су қоймасы. 40 жыл бұрын қолданысқа берілген. Әбден тозығы жеткендіктен 2016 жылы Үкіметтен қомақты қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған. Алайда екі жылдан кейін аяқсыз қалды. Салдарынан өңірдің егіншілері судың жоқтығынан зардап шегіп отыр. 

Мәкеш Төлеуханның негізгі кәсібі егіншілік. Алайда Шар су қоймасында жөндеу жұмыстары басталғаннан бері жер өңдеуді тоқтаттым дейді. Қазір суармалы егістігі түгелдей қурап бос жатыр. Амал жоқ, диқандар бұрын өздері дайындап келген мал азығын 2-3 жылдан бері қымбатқа сатып алып отыр. 

Мәкеш Төлеухан, диқан:    
-Егін салынбай жатыр. Екі жыл су жоқ. 80 гектар жоңышқам бірақ өлді. Одан зиян шектім. Биыл сатып алған шөп мындай ғана болып қалды. 40 мың теңге.  
Қабылшай Мішірхан, диқан: 
-Үлкен қиыншылық болды. Бұл не үшін бітпейді. Мемлекеттің шығарған қаражаты қайда. Ал қаражаты бар болса бұл неге осы үш жылға дейін, төрт жылға созылады. 

Жарма ауданының басшылары болса мәселені облыстық, республикалық деңгейде көтердік-деп отыр. Алайда, қолдан келер шара жоқ деп ақталуда.  

Ернар Бексұлтанов, Жарма ауданы әкімінің орынбасары:   
-Бұл шаруаларымыздың жұмысына да, өңіріміздің экономикасына кері әсерін тигізіп жатыр. Қазір бізде 7 мың гектардан астам жерге егін салуға ниет білдіріп отырған инвесторларымыз да бар. Бордақылау мен сүт фермасын ашуға дайын. Ол үшін жем-шөп қажет. Судың жоқтығы бұл жобаларға бөгет болып тұр.   

Шар су қоймасын жөндеу үшін Үкіметтен 1 миллиард 622 миллион теңге бөлініпті. Алайда құрылыс басталғаннан кейін жобада қателік табылған. Сондықтан жөндеу тоқтатылған. Қазір жобасы қайта түзетіліп жатқан көрінеді. 

Диқаншылар болса су қоймасындағы жөндеудің жақын арада аяқтала қоятынына күмәнмен қарайды. Сондықтан дені басқа кәсіпке бет бұра бастаған. Қазір судың жоқтығынан ауданда 1800-ден астам суармалы алқап қуарып бос жатыр.

Ержан Жақып


Шар су қоймасы жөндеу жұмыстары

Хабарламаларға жазылу