Жамбыл облысында мыңдаған гектар жайылымды құм басып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында мыңдаған гектар жайылымды құм басып қалды

05.11.2020

Жамбыл облысында бірнеше ауыл экологиялық апаттың алдында тұр. Мойынқұм ауданындағы мыңдаған гектар жайылым мен шабындық жерлерді құм басып, өзен арнасы тарылып барады. Жергілікті әкімдік жылда алқаптарға арнаны бұру үшін қолдан бөгет жасап әуре. Бұл тәсіл экожүйені бұзып, табиғатқа орасан залал келтіруде.  

Сәбит Әлдебай, тілші:  
-Кезінде көк майсаға оранған мына Тұлпарсаз жайлауында малшылардың тойы жиі өтіп тұратын болған. Ал, ауыл тұрғандары бұл маңнан мал азығын дайындайтын болған. Қазір мұндай игіліктердің бірі қалмаған. Өйткені Тұлпарсаз жайлауын құм басып қалған. Мамандардың мәліметінше өзен табанынан келген құм он мың шаршы шақырым жердің шабындығы мен жайылым жерін басып жатыр. 

Шу өзені шаруалардың егін алқабын суғару үшін жыл сайын 6 жерден байланып, 100 мың текше метрге жуық топырақ пен құм төгіледі. Оған аудандық бюджеттен әр жылы 24 миллион теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Суару маусымы аяқталған соң уақытша бөген қайта жырылады. Ал, сумен аққан құмның кесірінен өзен табиғи арнасынан айныған. Өзектер бітеліп, су жайылымға шықпай қалған. Бұлай жалғаса берсе, 8 мың халқы бар елді мекен жұрты қолдағы малын сатып ауылдан көшуге мәжбүр болмақ.  

Мұхамбетқұл Сабыров, Мойынқұм ауылының тұрғыны: 
- Ауыл тұрғындарының мал ұстауына ешқандай мүмкіндігі жоқ. Бұл экологиялық апат деп айтуға болады. Бұлай кете беретін болса, Шудың бойы да осындай жағдайға қалады.  

Мамандардың айтуынша, өткір мәселені тез арада шешу үшін Шу өзенінің бойына екі жерден арнайы су реттегіш гидроқондырғы орнату қажет. Алайда жергілікті әкімдіктің қауқары қолдан бөген жасап амалдай тұруға ғана жетеді. Ал алып қондырғыны қойдыруға шамамыз келмейді деп отыр.  

  Қызыр Елеусізов, Мойынқұм аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: 
-Бұған қаржы жоқ. Аудандық бюджеттің шамасы көтермейді. Облыстық бюджет көтермейді. Сондықтан біздің республикадан көмек керек.  

Ал гидроқондырғы салынса, мыңдаған халқы бар 7 ауылдық округтің жайылымдық жері ұлғаяды дейді мамандар. Сондай-ақ, суармалы егіс алқаптарының көлемі де екі есеге дейін артады. Жыл сайын желге ұшатын миллиондаған бюджет қаражаты үнемделеді. Ең бастысы құм көшкіні тоқтап, табиғи апаттың алдын алу мүмкін болар еді.  

Сәбит Әлдебай 


Жамбыл облысы жайылым

Хабарламаларға жазылу