Қарағанды облысының шекаралық аумақтарында орналасқан үш санитарлық бекетте бақылау күшейді. Жаңа тәртіп бойынша жұмыс істеп жатқан бекеттер - Қызылорда, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарымен жалғайтын күре жолдардың бойында орналасқан. Өңірде бұдан басқа тағы 6 бекет бар.
Руслан Нұрланұлы, тілші:-Қарағанды облысы бойынша үш санитарлық бекетте бақылау күшейтілсе, соның бірі Қарағанды-Баянауыл-Павлодар тас жолының бойында орналасқан тап осы бекет. Бұған дейін мұнда жолаушылардың дене қызуы өлшенсе, енді олардың арнайы сайтта тіркелуі міндеттелген.
Бұл жолмен күн сайын 200-ден астам көлік өтеді. Жолаушылар міндетті түрде өз деректерін propusk.kz сайтында қалдыруы керек. Міндетті түрде сапардың мақсатын көрсетуі тиіс. Бұған қоса бекеттен өткен жолаушылардың толық аты-жөні, мекен-жайы, мінген көлігінің мемлекеттік номері журналға да тіркеледі.
Азамат Үсенов, Бұқар жырау ауданы полиция басқармасы басшысының орынбасары:-Тойға, басқа да шараларға бара жатқан жолаушыларды жібермейміз. ПТР-тестерін жолаушылардан талап етпейміз. Порталға тіркелулерін талап етеміз.
Арнайы қызметтерге, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдары өкілдеріне, жүк көліктеріне, транзиттік көліктерге бекеттерден өтуге рұқсат етілген. Сондай-ақ, облыс аумағында тіркелген тұрғындарға, шұғыл ем қажет науқастарға жеңілдік қарастырылған. Ал, вахталық жұмысшылар мен тұрғылықты жерінен жұмыс орнына күнделікті қатынайтын азаматтар өз деректерін сайтта қалдыруы тиіс.
Жалпы облыста 9 санитарлық бекет жұмыс істеп тұр. Соның 8-і сыртқары орналасса, бірі ішкі бекет. Ол Бұқар жырау ауданының осыған дейін карантин жарияланған Центральное ауылы маңында тұр.
Антонина Васильева, Центральное ауылы отбасылық дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі:-Қазір карантин алынды. Дегенмен ауылға кіріп-шығу тексеріледі. Жолаушылардың дене қызуын өлшеп, оларға қатысты деректер толық тіркеліп отырады. Ауылда 31 адам қауіпті індетпен ауырған болатын. Бүгінде жағдай тұрақты.
Санитарлық бекеттерде полиция қызметкерлері мен дәрігерлер кезекшілік етеді. Бақылау бір сәтке де үзілмейді.
Руслан Нұрланұлы