АҚШ-тағы президент сайлауы: Дауыс саны есептеліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тағы президент сайлауы: Дауыс саны есептеліп жатыр

04.11.2020

АҚШ-та дауыс беру аяқталды. Миллиондаған бюллетень әлі саналып болмаса да, президент Дональд Трамп өзін жеңімпаз деп жариялады. Алайда әзірге Байден алда келеді. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады. 

Осыдан бірер сағат бұрын АҚШ-та сайлау бөлімшелері жабылып, дауыс беру тоқтатылды. Ел заңы бойынша, әр бюллетен санақтан тыс қалмауы тиіс. Бұл жұмыс көптеген штаттарда бірнеше күнге созылуы мүмкін. Ал, мемлекет басшысы Дональд Трамп Флорида, Огайо, Техас тәрізді шешуші штаттарда жеңіске жетіп, Джо Байденнің сөзсіз ұтамын деген сенімін сетінетіп отыр. Дегенмен, демократ-кандидат бәрібір алда келеді. 

«Ассошиэйтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, Байден бүгін Аризонада жеңді, енді Висконсинде, Мичиганда басым түссе, Ақ үйдің жаңа қожайыны атануы мүмкін. Дегенмен, 77 жастағы үміткердің өз сөзінше, жеңімпазды анықтау ұзаққа созылуы ықтимал.

Джо Байден, Демократиялық партиядан президенттікке кандидат:
Сіздердің төзімдеріңіз мақтауға лайық. Біз мұның ұзаққа созылатынын білдік. Бірақ қараңыздар қазір қайда тұрмыз. Мен осы сайлауды жеңуге беттеп бара бара жатқанымды да айтқым келеді. 

Әзірге сайлаушылар алқасының 270 дауысын ешқандай үміткер жинаған жоқ. Және де миллиондаған бюллетен әлі саналып болмаса да, 74 жастағы мемлекет басшысы өзін қателікпен жеңімпаз деп жариялап үлгерді. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Мен Америка халқына орасан қолдауы үшін алғыс айтқым келеді. Миллиондаған адам бізге дауыс берді. Бірақ, қандайда бір жағымсыз топ сол дауыстарды алып қойғысы келеді. Бірінші ханымға, отбасыма, вице-президент Пенске, оның жұбайына қасымызда болғаны үшін рахмет айтамын. Үлкен мерекеге дайындалып жатыр едік. Себебі бәрін ұттық. Бірақ сол нәтиже аяқ астынан жоққа шығарылып отыр. 

Трамп дауыстарды санау процесін тоқтату үшін Жоғарғы сотқа арызданатынын ескертті. Бірақ оның нақты не үшін шағымданғысы келетіні әзірге белгісіз. 

Соңғы күндері америкалықтар Конгрестің төменгі палатасы мен сенаторлардың үштен біріне де дауыс берді. Болжамдарға қарағанда, демократтарда қазір екі палатаны да бақылауға алатын мүмкіндік бар.

Арыстан Рысбек

АҚШ президент сайлауы

Хабарламаларға жазылу