Балқаш маңында Тұран жолбарысының популяциясы қалпына келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқаш маңында Тұран жолбарысының популяциясы қалпына келеді

04.11.2020
Балқаш маңында Тұран жолбарысының популяциясы қалпына келеді

Экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі Балқаш маңындағы Тұран жолбарыстарын қалпына келтірудің 15 жылға арналған бағдарламасын жасады. Ол аңның мекен ету ортасын дайындау, жолбарысты табиғатқа жіберу және бағдарламаның жүзеге асуын бақылау шараларын қамтиды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

2018 жылы «Іле-Балқаш» резерваты құрылды. Аумақты браконьерлерден қорғау, заңсыз табиғат пайдалану жұмыстарына жол бермеу шаралары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге биотехеникалық шаралар арқылы қабандарды көбейту, бұқар бұғыларының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы аталғандардан кейін экожүйе жолбарыс популяциясын ұстап тұруға қабілетті болады. Реинтродукция үшін амур жолбарыстары әкелінеді. 

Жалпы, Іле өзенінің дельта ауданындағы Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы және осыдан шығысқа қарайғы жер Тұран жолбарысы жерсінетін аумақ ретінде таңдалып отыр. Бұл маңда жолбарыс мекен етуге жарайтын 1 млн гектар жер бар. Болжам бойынша, аумақта Каспий жолбарысының санын 100-ден 200-ге дейін жеткізуге болады. 

Тұран жолбарыстары Таяу Шығыстың 13 елінде, Кавказда, Орталық Азияда Түркиядан Қытайдың солтүстік-батысына дейінгі жерде мекендеген.

«Жыртқышты атып, тіршілік ету ортасының бүлінуі олардың жоғалып кетуіне себеп болған», - дейді ғалымдар. 

Айта кетейік, 2010 жылы Қазақстан халықаралық жолбарыс саммитінде Орталық Азияға Тұран жолбарыстарын қайтаруға дайын екенін мәлімдеді. Ал 2017 жылы Қазақстан мен Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) Оңтүстік Балқаш маңы мен Іленің Дельта ауданында жолбарыстың реинстродукциясы Бағдарламасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылды.







жолбарыс Экология министрлігі

Хабарламаларға жазылу