Қаржы нарығын реттеу агенттігі Jýsan мен АТФ банк арасындағы келісімге түсініктеме берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаржы нарығын реттеу агенттігі Jýsan мен АТФ банк арасындағы келісімге түсініктеме берді

03.11.2020
Қаржы нарығын реттеу агенттігі Jýsan мен АТФ банк арасындағы келісімге түсініктеме берді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Jýsan банк АТФ банк акциясының 99,76 пайызын сатып алуына қатысты түсініктеме берді.

«Агенттік банктер арасында қол жеткізілген келісімді қолдайды және банктердің бизнес-модельдерінің бірігуі банк секторының тұрақтылығына және екі банктің қаржылық және технологиялық басымдықтарын пайдалану есебінен халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал ететін болады деп есептейді. 
Jýsan банк және АТФ банктің ағымдағы қызметі, сондай-ақ банктердің клиенттері үшін көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі уақтылы және толық көлемде жүзеге асырылады. Келісімді іске асыру үшін банктер депозиторлардың, кредиторлардың және банктердің өзге де клиенттерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын ескере отырып, ірі акционерлерді ауыстыруға агенттіктің келісімін алуға тиіс», делінген хабарламада.

Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп ағымдағы жылы екінші деңгейдегі банктер активтерінің сапасына тәуелсіз бағалауды (AQR) және 14 банкке толық ауқымды қадағалау стресс-тестілеуді өткізді.

«АQR және қадағалап стресс-тестілеу қорытындысы бойынша барлық банктерге үздік халықаралық практикаға сәйкес бизнес-модельдерді жетілдіру, анықталған кемшіліктерді жою және стрестік активтермен жұмыс істеу тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдау тапсырылды», -деп хабарлады агенттіктен.

Алдын ала келісу талаптары қосу мен біріктірудің классикалық моделіне (M&A) сәйкес келеді, оған сәйкес тәуекелдер АТФ Банктің ағымдағы меншікті капиталы есебінен өтеледі. 



Жусан банк АТФ банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Хабарламаларға жазылу