Шығыс Қазақстанда ПТР-тест тапсыратындар кезек күтуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда ПТР-тест тапсыратындар кезек күтуге мәжбүр

02.11.2020

Шығыс Қазақстанда ПТР-тест тапсыру үшін адамдар ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр. Өйткені облыс аумағынан ұшаққа немесе пойызға отыру үшін қолдарында індеттен сау екендігін растайтын сынама нәтижесі болуы керек. Жалпы, өңірде тұрғындардан жаппай маска тағу талап етілуде.  Шығыста апта басы ПТР-тест тапсыру үшін кезекке тұрған жұрттың даңғаза шуымен басталды. Осы қызметті ақылы түрде көрсететін медициналық орталықтың алдына адамдар таң атысымен-ақ жинала бастаған. Барлығына кеселден құлан таза деген бір жапырақ қағаз керек.  

Алмас Қанатұлы, қала тұрғыны:
-Қарашаның 4-де Алматы қаласына ұшуым керек болған, сондықтан ПТР тапсыруым керек болып жатыр. Көп адам ескертілмеген, сондықтан билеттерін қайтаруға тура келді. Сағат 11-ден бастап тұрмын, кезек өте ақырын жылжиды. Ешқандай арақашықтық сақталмаған.

Жаңа талап бойынша Шығыс Қазақстаннан ұшақ немесе пойызбен аттанатын жолаушыларда коронавирус жұқтырмағандығы туралы анықтама болуы тиіс. Оның өзінде соңғы 3 күнде берілген ПТР-тесттің нәтижесі ғана жарамды. Осы анықтама үшін Семей қаласындағы зертхана қасында да бүгін шұбырған жұрт, қалың кезек.

Әлгінде ғана сызылған белгілердің де бояуы біраз уақытқа дейін кеппей жатты. Көп ұзамай кезекте тұрған адамдарға қалалық әкімдік қызметкерлері келіп, әлеуметтік қашықтық сақтап тұру керектігін ескертті.

Шығыстағы бас санитар дәрігердің мәліметі бойынша облыс орталығында ПТР-тесттен өткізетін 10 зертхана бар. Олардың бесеуі Өскеменде, төртеуі Семейде, біреуі ауданда орналасқан.

Талғат Тұңғышбаев, облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы:
-Сенбі-жексенбі күндері зертханалар жұмыс істеген. Бірақ мұндай тапсырыс болмап еді. Бүгін дүйсенбі болғандықтан солай шығар. Енді, ертеңнен бастап материалды қабылдайтын пунктер көбейтіледі.

Шығысқазақстандықтар әлеуметтік желі арқылы компьютерлік томографиядан да өту үшін кезекке тұрып, әуре-сарсаңға түсіп жатқанын айтып шағымданған. Бұл мәселені облыс әкімі ерекше бақылауға алып, жағдайды реттеуді тапсырды.

Берік Көшербай 


ПТР-тест Шығыс Қазақстан маска карантин

Хабарламаларға жазылу