Басты Жаңалықтар Өскемендегі ат спорты мектебі жаттығу жасайтын жер таппай отыр

Өскемендегі ат спорты мектебі жаттығу жасайтын жер таппай отыр

Өскемендегі ат спорты мектебі жаттығу жасайтын жер таппай отыр. Өйткені оларға тиесілі алаңда көпқабатты тұрғын үй салынбақ. Ұлттық спортты ұлықтаған атбегілер мектептің болашағына, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігіне алаңдаулы. 

Өскемендегі ат спорт мектебіне келіп жүрген 200-ге жуық бала соңғы кезде атқора мен кеңсенің ортасындағы алақандай жерде ғана жаттығуға мәжбүр. Өйткені атшабар алаңының ауқымы күннен-күнге тарылып барады.  

Аида Жұмағалиева, 10-сынып оқушысы:
Бұл жерде шаппаймыз, жәй аяңдап қана жүреміз. Өте ыңғайсыз. Ипподромда жүргенде шауып, өзімізді еркін сезінетінбіз. Ал мына жер тар.
Қабдрахман Тұрашев, Қалалық ат спортының ұлттық түрлері бойынша жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары:
Ипподромның жерін алды, мына жерді алды. балалар мына жерде жүре алмайды. Бізге ешкім ештеңе айтқан жоқ. 

Бірақ бұған қарамастан мектеп қызметкерлері балаларды атқа мініп үйрету жаттығуларын бір сәтке де тоқтатқан емес. Атшабар алаңы осы аумақта көп қабатты тұрғын үйлер салу туралы шешім шыққаннан бері тарыла бастаған. 

Берік Көшербай, тілші:
Қазір бұл жерде инфрақұрылым желілерін тарту жұмыстары қызу жүргізілуде. Тереңдігі ат бойындай шұңқырдың бірі, міне, тура ат қораның іргесінен қазылған. Осы жерде жаттығап жүрген балалардың жылқысы әлденеден үркіп, алып қашса, осы орға құлап кетуі әбден мүмкін.

Кезінде облыстық деңгейде ашылған ат спорты мектебі 3 жыл бұрын Өскемен қаласы әкімдігінің қарамағына өткен. Билік өкілдері жағдайдан хабардар.  

Әлібек Тұрсымбетов, Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі:
Қазіргі кезде біздің қаланың бас сәулетшісі, арнайы мамандар ол мектептің қолайлы жерге орналасу мәселесін қарастырып жатыр. Жабылу туралы қарастырып жатқан жоқ. Сабақтар өтуі кезінде оқушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Өскемендегі ат спорты мектебінің тәрбиеленушілері түрлі жарыстарда топ жарған. Бүгінде республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген шабандоздардың бірталайы осы жерде тәлім алған. Кезінде қыста да жаттығу үшін жабық манеж салынса деп армандаған мекеме қазір жабық ғимарат түгілі жазық алаңға зар болып отыр.

Берік Көшербай

Бөлісу