Бүгін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Сенат депутаттарына 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасын ұсынды. Бір апта бұрын, 21 қазанда министр заң жобасын мәжілістен мақұлдап алып шыққан еді.
Заң жобасының негізгі тезистер өзгермеген: 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылаудың басты себебі – коронавирус пандемиясы. Яғни, бюджеттен қосымша қаржы алып, медициналық қызметкерлерге материалдық қолдау көрсету және COVID-19-дың екінші толқынына (болжамды) қарсы белсенді шаралар қабылдау.
Бұған дейін хабарланғандай, бұл мақсаттарға үкімет қосымша 238,7 млрд. теңге қаржы көздеп отыр. Ерұлан Жамаубаев сенат депутаттарына бұл қаражат нақты қандай мақсаттарға жұмсалатынын санап берді.
Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша,
-карантин іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 143,4 млрд теңге қосымша ақы төлеу;
- тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында COVID–19-дың таралуына жол бермеу мақсатында медициналық қызметтерге ақы төлеу үшін 83,2 млрд. теңге;
- ішкі істер органдарының қызметкерлеріне эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін сыйлықақы төлеу үшін 11,7 млрд.теңге көзделіп отыр.
«Бұдан өзге, әкімшілер ұсынған қаражатты қайта бөлуді ескере отырып, экономиканың нақты секторын дамытуға және күш құрылымдарын әлеуметтік қолдауға 261,7 млрд.теңге сомасында шығыстар көзделген», - деп хабарлады Жамаубаев.
Сенаторлар заң жобасын талқылап жатыр.