Алматы көшелерінің бірінде жол жоқ: тұрғындар шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы көшелерінің бірінде жол жоқ: тұрғындар шағымданды

28.10.2020

Алматыда тұрып, не жаяу жүретін, не көлікпен жүретін жолсыз қалдық. Шаңырақ ықшам ауданындағы 40-қа жуық үйдің тұрғындары осылай деп шағымданды.Себебі көшенің кіреберісі біреудің жекеменшігі болып шыққан. Иесі жолды жапқан соң қайда барарларын білмей отыр. 

Бұл көшенің жабылғанына бір айға жуықтаған. «Соңғы кезде не қоқыс шығарылмайды, аяқ астынан ауырып қалсақ, жедел жәрдем көлігі кіре алмайды», - дейді тұрғындар. 

Айтбай Сағымбеков, қала тұрғыны:
Негізгі мәселе - осы жол.

Тұрғындардың сөзінше, бұл мәселені Алатау ауданы жаңадан құрылғалы бірнеше рет көтерген. Жауапты мамандардың атына жазбаша қалдырған хатта есеп жоқ. Келген адам құрғақ уәде беріп, жасап береміз деп кететін көрінеді. Алайда еш нәтиже болмай тұр.  

Мәрзия Матаева, қала тұрғыны:
Күнде ертең деп, жердің мәселесі шешілмеді. Бұл жерде ешқандай жол да, су да, жарық та жоқ. 

Аудан шенділері мәселені осы жылдың соңына дейін шешуге уәде беріп отыр. 

Қанат Әшірбеков, Алатау ауданы әкімінің кеңесшісі:
Өкінішке қарай, аппарат істемей қалды. Архитектормен келген уақытта схемасын көрсетті. Көше қарастырылған бұл жерден. Бірақ нақты қай көршінің жауып отырғаны белгісіз. 

Тұрғындарға келесі көшеде орналасқан дүкен, емхана және дәріханаға бару үшін дөң асуға тура келеді. 

Қуан Нұрақын, тілші:
Тұрғындардың мына үйдің иесімен келісіп сатып алған жерлері осы. Не жарық тартылмаған, не тас төселмеген. Абалаған ит былай тұрсын, мына өткелден өтудің өзі қорқынышты. Қыста бетіне мұз қатып, жанымызды шүберекке түйіп өтеміз дейді жұрт.

Тұрғындар аудан шенділері осы жолы айтқанын орындамаса, әкімдік ғимаратының алдына барып наразылық шарасын ұйымдастырамыз деп отыр. 

Қуан Нұрақын

алматы жол мәселесі тұрғындар шағымы

Хабарламаларға жазылу