«Сиыр мен тауықты ажырата алмайтын адам заң жазған» - Нығматулин Экология министрін сынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сиыр мен тауықты ажырата алмайтын адам заң жазған» - Нығматулин Экология министрін сынады

28.10.2020
«Сиыр мен тауықты ажырата алмайтын адам заң жазған» -  Нығматулин Экология министрін сынады

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жаңа Экологиялық кодекс жобасындағы кейбір нормаларды қатаң сынға алды. Мәселен, Нығматулиннің пікірінше, жаңа экология кодексін жазған Мағзұм Мырзағалиевтің (Экология, геология және табиғи ресурстар министрі - авт.) командасы ауылдың тыныс-тіршілігінен бейхабар. 

Экология кодексі бірінші оқылымда қаралып жатқан төменгі палатаның бүгінгі жалпы отырысында депутат Мұрат Теміржанов мал мен құсты декларациялау мәселесін көтерді. Ол бұл норма кәсіпкерлерге қолбайлау болады дейді. 

Осы тұста Нұрлан Нығматулин Экология министрі Мағзұм Мырзағалиевке  тым болмаса кодекс қабылданғаннан соң, ауылға барып қайтыңыз деген кеңес берді. 

«Мәселен, Қарағанды облысының Ұлытау ауданының тұрғынының оншақты тауығы бар делік. Тауықтарын декларациялау үшін ол облыстық Табиғи ресурстар басқармасына баруы керек екен. Ал ол облыс орталығында орналасқан. Яғни, ол тіпті 5 емес, тіпті 1 тауығын декларациялау үшін 700 шақырымды жүруі керек. Неге кодексте «100 және одан төмен бас үшін» деп жазылған? Ол санға 99 малды да, 1 малды да кіргізуге болады. Әлбетте бір табынның бір тауыққа қарағанда экологияға тигізетін әсері мол екенін алдымен түсініп алу керек. Бұл норманы жазар кезде ойлану керек еді.
Жалпы, норманы жазған адам ауылда болды ма деген сұрақ туындайды. Болмаған шығар. Шіркін, осы норманы жазған адамды 2-3 айға ауылға жіберсе ғой. Сонда ғана ол адам тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінетін еді. Қалай ойлайсыз, министр мырза? Кодексті қабылдағаннан кейін ауылға барып келіңіз», - деді Мәжіліс спикері. 
заң мәжіліс Экологиялық кодекс

Хабарламаларға жазылу