2020 жылдың III тоқсанында Электрондық еңбек биржасында білікті қызметкерлер үшін 176 мың вакансия жарияланған. Бұл II тоқсанға қарағанда 20,1 мыңға және I тоқсанға қарағанда 48,9 мыңға көп. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның мәліметінше, осы жылдың шілде айында бос жұмыс орындарының ең аз саны, яғни, 44,4 мың вакансия болған. Бұның себебі шілде-тамыз айларындағы карантинмен байланысты болуы мүмкін. Карантин біртіндеп жеңілдегеннен кейін, сұраныстар саны арта бастаған.
«Түйіндемені орналастыру бойынша да осындай динамика байқалды. Мәселен, 2020 жылдың шілдесіне 32,3 мың болды, бірақ III тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыс іздеп жүрген 123,1 мың маман бар болып шықты. Тек тоқсанға ғана емес, сонымен қатар соңғы 12 ай бойынша да қыркүйек айында ЭЕБ-да ең көп – 47,3 мың түйіндеме тіркелген», – деді ЕРДО Болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.
Білікті қызметкерлерге ең көп сұраныс Нұр-Сұлтан (23,2 мың бос орын) және Алматы (19,3 мың) қалаларында, сондай-ақ Қостанай (19,1 мың) және Қарағанды (17,6 мың) облыстарында байқалды. Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында түйіндемелер саны ұсынылған вакансиялар санынан басым екені байқалады. Атырау облысында 100 бос орынға 220 түйіндеме, Қызылорда облысында – 180 түйіндеме, Маңғыстау облысында – 142 түйіндеме келді.