Елімізде той жасаушылар қатары азаяр емес. Карантиндік шектеуге бағынбай, дүркіретіп той жасаған Батыс Қазақстандағы Ақжол ауылының әкімі Тәтжан Өтемісовтің әрекетін бүгін облыс басшысы сынға алды. Мұндай адамдарға мемлекеттік қызметте орын жоқ деген аймақ басшысы бұл істі бақылауға алуды тапсырды.
Түркістан облысында ұйымдастырылған рейд барысында соңғы екі күн ішінде 52 той тарқатылған. Ал шілде айынан бері 400-ге жуық жиын-той анықталған. Өңірдің бас санитар дәрігерінің айтуынша, тойдың саны артпаса, кемімей отыр. Өйткені СЭС мамандары тойханаларға ірі көлемде айыппұл салумен ғана шектеледі, жұмысын тоқтата алмайды. Заңға сәйкес шағын кәсіпкерлерлік нысандарын жоспарсыз тексеруге мораторий бар.
Нұрбек Нышанов, Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы:- Бір рет емес, екі рет емес, бес рет ұсталып айыппұл салынған тойханалар бар. Бәрінің тізімін жасап жатырмыз.
Ал, Таразда жасырын жұмыс істеп келген казино әшкере болды. Дәмхана ішінен ашылған ойынханадан компьютерлер мен мониторлар, ойын терминалдары мен аппараттар тәркіленген. Қазір бұл дерек бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.