Солтүстік Қазақстан облысында тағы бір елді мекен карантинге жабылды. Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылында індетке шалдыққандар көбейіп, қатаң шектеу шаралары енгізілді. Ал, керісінше Ақжар ауданындағы Казанское ауылында соңғы екі аптада науқас тіркелмегендіктен карантин алынды.
Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылында 10 адамнан коронавирус анықталды. Осыған байланысты ауыл карантинге жабылды. Өңірде бірінші тамыздан бері эпидемилогиялық ахуал қайта нашарлап барады. Осыған байланысты ауылда науқастар саны 5, аудан орталықтарында 7 адамнан асса карантиндік шаралар енгізу туралы қаулы қабылданды. Қазіргі күні 10 елді мекенге шектеу енгізілген.
Айнаш Сағындықова, Облыстық көрсетілетін қызмет пен тауарлардың сапасын бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:-Соңғы тәулікте 11 жағдай тіркелді. Аудандарда эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін карантин сақталатын болады.
Павлодар облысында да вирустың таралуы көбейгендіктен карантин талаптары күшейді. Өткен аптаға қарағанда коронавируспен ауырғандар саны 2,3 пайызға өскен. Сондықтан тұрғындар үшін қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерде әлеуметтік арақашықтықты сақтап, бетперде тағып жүру міндеттелді. ПТР-тесті болмаса адамдар ұшаққа жіберілмейді. Тіпті, қазір бір-бірімен қол алысып амандасудың өзі қауіпті-деп кеңес береді санитарлық қызмет мамандары.
Зәмзәгүл Досжанова, Облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары:-Халыққа қызмет көрсету орталықтары бөлімшелерінің жұмысы 1 сағатқа қысқарады, яғни, 17:00-де тоқтатылады. «Қазпошта» бөлімшелері сағат 18:00-де жабылады. Сенбі күні түске дейін ғана жұмыс істейді. Ал, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің 70 пайызы қашықтан жұмыс істеу форматына көшеді.
Ал, Батыс Қазақстан облысында түнгі 11-ден кейін көлік қозғалысын шектеу енгізілуі мүмкін. Себебі, індет күш алып барады. Соңғы аптада аймақта қатерлі дерт 47 адамнан анықталды.
Сағындық Сәбитұлы