Түркістан облысындағы сауда орталықтары мен жабық базарлар сенбі күні де жұмыс істейтін болды. Тек бұл нысандарға санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейтіп, әлеуметтік арақашықты және маска кию тәртібін сақтау міндеттелді. Өңірдің Бас мемлекеттік санитар-дәрігері карантиндік шектеу шараларын ұзарту туралы қаулыға осындай өзгерістер енгізді. Жаңа қаулыға сәйкес, облыс аумағындағы сауда үйлері мен азық-түлік, киім-кешек базарлары таңғы сағат 09.00-ден кешкі 17.00-ге дейінгі ашық болады. Бұған дейін базарлар мен сауда орталықтары тек жұмыс күндері қызмет көрсетіп келген еді. Ал, қаулыдағы өзге талаптар өзгеріссіз қалдырылды.
Алдарқұл Ахметов, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары:- 37 қаулы бойынша сол шектеу енгізілген объектілер сол күйінде қалды. Оның ішінде мысалы мал базарлардың жұмысына тиым салынған болатын. Ол да сол күйі күшінде қалып отыр.
Шымкент қаласында карантиндік шектеу тағы екі аптаға ұзарды. Бұған дейінгі шектеу шаралары сол қалпы сақталып отыр. Ашық алаңдардағы қоғамдық тамақтану орындарында бір мезетте 50 адамға ғана қызмет көрсетуге рұқсат етілді. Қонақ үй, демалыс орындары, туристік базалар тек 80 пайыз жүктемемен жұмыс істеуіне болады. Ал той-томалақ, спорттық жарыстар, отбасылық мерекелер, форум, басқосулар, конференциялар өткізуге рұқсат жоқ. Сондай-ақ цирк, бильярд, боулинг, ойын алаңдары, букмекерлік кеңселер мен компьютер орталықтары да карантин режимі аяқталғанға дейін қызмет көрсете алмайды.
Айнұр Ақбаева