Мақтааралдықтар «Birgemiz» қоры салып берген жаңа үйлерге қоныстанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтааралдықтар «Birgemiz» қоры салып берген жаңа үйлерге қоныстанды

20.10.2020

Түркістан қаласының инфрақұрылымдық мәселелері кезең-кезеңімен шешіледі. Өзекті мәселе «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің түркістандық жұртшылықпен кездесуі барысында сөз болды.   

Тұрғындармен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездескен партия төрағасының бірінші орынбасары алдымен жергілікті жұртты алаңдатқан өткір мәселелерге ден қойды. Облыста өткен партияішілік праймериз барысында тұрғындар тарапынан нақты 560-тан астам ұсыныс түскені белгілі. Бауыржан Байбек бұл ретте жауаптыларға бірде-бір өтініш қараусыз қалмасын деп тапсырды. 

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары көктемгі су тасқынынан зардап шеккен мақтааралдық жұртшылықтың қуанышына да ортақтасып қайтты. Партияның «Birgemiz» қоғамдық қоры есебінен салынған 20 үйдің кілтін Достық ауылының тұрғындарына табыстады. 

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Осындай елдің бірлігі болса, онда біз жетпейтін мақсаттар, асулар болмайды деп ойлаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. 

Пайдалануға берілген жаңа үйлердің бәрі бірдей жарық, кең. 100 шаршы метрді құрайтын баспаналардың барлығы 4 бөлмелі.

Бейсен Ақмұрзаева, Достық ауылының тұрғыны:
-Барша «Nur Otan» қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Достық елді мекеніне 20 тұрғын үй салып, кілт тапсырып жатыр, өте қуаныштымыз.

Аталған қордың қаржыландыруымен ауданда тағы 12 үй салынып жатыр. Партия төрағасының орынбасары сапары барысында сондай-ақ Шымкент қаласында да болып былтыр үйлері өртенген көпқабатты үйдің тұрғындарымен кездесті. Оларға жаңа баспана салу үшін жергілікті бюджеттен 550 млн теңге бөлінген. 42 отбасы қараша айында жаңа пәтерлерге қоныстанады. 

Айнұр Ақбаева 

Мақтаарал «Birgemiz» қоры жаңа үй

Хабарламаларға жазылу