«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы 3 күн бұрын басталған өрт әлі сөнген жоқ. Тілсіз жауды ауыздықтауға қатты жел бой бермей тұр.
Ермек Елберген, тілші:-Ақмола облысында орман өртінің басталғанына, міне, үшінші күн. Қазіргі уақытта оқшауланды. Дегенмен де орманның ішінде осындай өрт ошақтары әлі бар. Сондықтан да құтқарушы мамандар оларды сөндіру жұмыстарын әлі де жүргізіп жатыр.
Алдымен даладағы шөп жанған. Кейін қызыл жалын орманға қарай ойысқан. Мамандар оттың таралуына кеше таңертең ғана тосқауыл қойды. Соның өзінде тілсіз жау 70 гектарға жуық жасыл желекті жайпап кетті.
Біржан Қанапиянов, Біржан сал аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:-Өрт сөндіруге Біржан сал, Бұланды, Бурабай аудандары төтенше жағдайлар бөлімдерінің жеке құрамы, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өрт сөндіру қызметі жұмылдырылды. Осында тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. Кезекшілік бар. Маңайдағы ормандарды да бақылап отырмыз.
Соңғы бірнеше күн бойы ақмолалық құтқарушыларға тыным тапқан жоқ. Өткен демалыста облыста 3 бірдей орман және 14 дала өрті болды. Тілсіз жаумен күреске 350-ден астам адам, 100-ге тарта техника жұмылдырылды.
Амандық Сейітов, Біржан сал аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері:-Ауа райының қолайсыздығы, қатты жел, күннің ыстығы сол қиын болып тұр.
Бүгін құтқарушылардың кәсіби мерекесі. Алайда, оны атап өтуге төтенше жағдайлар қызметі мамандарының уақыты жоқ. Қызмет жолында.
Ермек Елберген