Қарағанды облысында карантиндік шектеулер күшейді. Бүгінннен бастап санитарлық бекеттер қойылып, өңірге кіріп-шығу қатаң бақылауға алынды. Ал Қостанай облысында ертеңнен бастап осындай санитарлық бекеттер қойылады.
Руслан Нұрланұлы, тілші:-Өңір бойынша 8 санитарлық бекет жұмыс істеуде. Барлығында бетон бөгеттер қойылған. Яғни, көліктер жылдамдығын азайтып, сәл кідіріс жасауға арналған. Ал әрі қарай жолаушылар мен жүргізушілердің денсаулық жағдайын дәрігерлер тексереді.
Бұл Қарағанды-Ақмола облыстарын жалғайтын автобан бойында орналасқан санитарлық бекет. Күрежолмен күн сайын 30 мыңға жуық көлік жүріп өтеді. Оның әрқайсысында кем дегенде 2-3 жолушыдан бар десек, мұндағы дәрігерлер мен полицейлер жұмысының оңай еместігі айтпаса да түснікті.
Талшын Сайлаубаева, мейірбике:-Жолаушылар мен жүргізушілердің дене қызуын өлшейміз. Егер денсаулық жағдайынан ауырғаны байқалса кеңесімізді береміз. Жақын маңдағы ауруханаға апарамыз. Бүгін бірінші күн. Ауырған адамдар әзірге кездескен жоқ.
Облыс бойынша дәл осындай санитарлық бекеттер Жезқазған, Приозерск қалаларында, Осакаров, Бұқар жырау, Ұлытау, Нұра және Қарқаралы аудандарына қойылды. 24 сағат сайын кезекші топ ауысып отырады. Бекеттегі барлық жағдай бейнекамерамен қадағаланады.
Бауыржан Ошағанов, Осакаров ауданы полиция бөлімі басшысының орынбасары:-Бұл жерде қызмет атқарып жүрген қызметкерлер індеттің алдыңғы толқынында санитарлық бекеттерде жұмыс істеген. Тәжірибелері бар.
Жалпы облыста бүгінннен бастап карантиндік шектеулер күшейді. 65-тен асқан адамдарға үйінен ұзап шығуға болмайды. Мемлекеттік мекемелер мен ұйым қызметкерлерінің бірқатары қашықтан жұмыс істеуге көшті.
Руслан Нұрланұлы