Алматы облысында 11 жыл бұрын жоғалып кеткен азамат табылды - ІІМ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 11 жыл бұрын жоғалып кеткен азамат табылды - ІІМ

19.10.2020
Алматы облысында 11 жыл бұрын жоғалып кеткен азамат табылды - ІІМ

Өткен аптада Ішкі істер министрлігі «Қаңғыбас» ауқымды профилактикалық шарасын өткізді. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.

«Бұл шара - тұрақты тұратын жері жоқ, кезбелікке салынып өмір сүретін азаматтардың арасында қылмыс пен құқықбұзушылықты анықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Операция кезінде 5 500 адам анықталды», - дейді ол. 

Екі күн ішінде полицейлер осы бағыттағы 55 қылмысты ашқан. Бұрынғы қылмысы үшін бой тасалап жүрген 107 азамат ұсталды. Жоғалып кеткендердің санатында жүрген 72 адам іздестіріліп, табылды.

«Мәселен, Алматы қалалық полиция департаментінің қызметкерлері 2012 жылы Алматы қаласында қарулы топпен 3 адамды өлтіру қылмысына қатысы бар күдіктіні қолға түсірді. Павлодарлық полицейлер 2012 жылы Ресей Федерациясының Омбы облысында тонау жасаған күдіктіні ұстады. Ал Алматы облысы Іле ауданында 2009 жылдың қазан айынан бері із-түзсіз жоғалып кеткен азамат табылды», - деді Нұрділдә Ораз.
ІІМ қылмыс алматы облысы

Хабарламаларға жазылу