Шымкентте 70 мыңнан астам азамат салық төлемей, жалтарып жүр. Автокөлік салығы төленбеген соң, қала бюджетіне 2 миллиард теңгеге жуық кіріс түспей қалды. Борышкерлердің арасында тіпті 3-4 жылдан бері мемлекетке бір тиын салық төлемегендері де бар. Қордаланған қарызды өндіру мақсатында арнайы рейдтік тексерістер басталды.
Шымкент көшелерінде жүйіткіп жүрген автокөліктердің әрбір оныншысын осылай жол полицейлері тоқтатады. Автоураган қондырығысы салықтан сытылып кеткісі келгендерді ақпараттық база арқылы бірден анықтап жатыр. Борышкерлердің оған қарсы айтар уәжі әртүрлі. Біреуіне уақыт тапшы. Енді бірінің есінен шығып кеткен.
Араларында көлік мінгенімен оның салығын төлеуге қаржы жоқ деп мүсәпір кейіп танытқандар да кездесті.
Бүгінгі таңда сот орындаушылары 17 мың азаматтан салық берешегін, тағы 34 мың тұлғадан айыппұл өндіруі қажет.
Нұрғали Құттыбаев, жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары:
Бір күннің ішінде 1 миллион 300 мың теңге автокөлік бойынша салық мемлекет пайдасына өндірілді. Және борышкерлердің 2 автокөлігі айып тұрғына қойылды.
Шымкент қаласы бойынша салық департаментінде 187 мың автокөлік тіркелген. Оның 15 пайызы әлі күнге өткен жылғы салығынан құтылмаған. Жылдап қарызға батқандары да жетерлік.
Бауыржан Омартаев, Шымкент қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:
Берешек соманың ішінде қордаланған қарыздар 20 пайызды құрайды. Ең көбі 3-4 жыл төлемеген.
Мамандар әзірге салық төлеуден жалтарып жүргендерге тек ескерту қағазын жазып берумен шектеліп жатыр. Егер оған да құлақ аспаса, іс сотқа жолданады.
Ғани Қалмахан