Сенаторлар мақта шаруашылығының болашағына алаңдаулы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенаторлар мақта шаруашылығының болашағына алаңдаулы

08.10.2020

Депутат Әлімжан Құртаев диқандарға қолдау танытпасақ сала құрдымға кетуі мүмкін дейді. Себебі, мақта қабылдайтын зауыттар бағаны әлі белгілемей отыр. Жағдай жыл сайын қайталанады. Кәсіпорын иелері өзара келісіп-ақ алтынның құнын төмендетеді, шарасыз шаруалар кіріс табудың орнына шығынға батып отыр. Еңбектің өнбегі болуы керек. Алайда, ақ алтын егушілерге ол арманға айналды. Енді екі аптада терім науқаны басталады. Тек төккен тер тиынға бағаланғалы тұр. 

Рамис Махмудов, шаруа қожалығының төрағасы:
- Биыл өнім өте аз. Ары кетсе 1 гектардан, 20-25 центнер өнім береді. 

Мақтаның машақатын тартқандар пайда таппаса да, қабылдайтын зауыттар қарық болады. Өйткені, баға бекіту билігі соларда. Кәсіпорын басшылары облыс әкімі мен Ауыл шаруашылығы министрінің мақта құнын құлдыратпаңдар дегенін құлағына да ілмейді. 

Биыл Мақтаарал мен Жетісай аудандарында 87 мың гектар жерге ақ алтын егілді. Бірақ, ерте көктемнен қоңыр күзге дейін тер төгетін диқан еңбегіне татитын табыс таппайды. Есесіне жергілікті зауыттан бөлек өнімнің қызығын шетел көріп отыр. Ливерпуль биржасындағы бағаға тәуелділік шаруалардың қалтасына кері әсерін тигізеді. Мақтадан дайындалған тауар Қазақстанға 5-6 есе қымбат бағада қайта келеді. Сенат депутаты осындай сауалын Үкімет басшысына жолдады. 

Әлімжан Құртаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Бүгінгі таңда трейдерлер шитті мақтаның бір тоннасын аванс ретінде 100 мың теңге төлеп сатып алуда. Ал бір гектар мақта дақылының шығыны өсіп- өндірудің технологиялық картасы бойынша 256 901 теңгені құрайды. Орташа есеппен әр гектардан өнім алған диқанның кірісі 200 мың теңге болса, шығысы 257 мың теңге болады. Осылайша соңғы сөздің зауыт басшысына тиесілі болуы қаншалықты дұрыс. 

Мақта кластерін көтеру үшін Жетісайда мемлекеттік бағдарлама аясында алып зауыт салынды. Алайда, қайыры болмай тұр,-деді депутат. Сондықтан диқандардың мүддесін қорғайтын, монополистік әрекетті тежейтін шаралар заң аясында қабылдануы қажет. 

Нысаналы Ығыл



Сенатор мақта шаруашылығы

Хабарламаларға жазылу