Қостанай облысында құстарға өтемақы төлеуде қиындықтар туындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында құстарға өтемақы төлеуде қиындықтар туындады

08.10.2020

Қостанай облысында індеттен құстары түгел қырылған шаруаға өтемақы толық төленбей қалғалы тұр. Егер шығынды жабуға қажет көмектен қағылса қожалық тұралап, құрдымға кетуі мүмкін. Түйткіл - құстың қырылғанын құжат жүзінде рәсімдеуден туындаған. 

Дәуренбек Әбдібек, тілші: 
-Қаңқылдаған қаз, барқылдаған үйрек, қыт-қыттыған тауық толып жүретін қораның іші қазір құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Осындағы 1000-нан астам асыл тұқымды құс індеттен бірі қалмай түгел қырылып қалған. 

Меңдіқара ауданы Красная Пресня ауылындағы шаруашылықтың қазіргі жағдай осы. Ала жаздай еңбектеніп өсірген құстарын шаруалар өз қолдарымен отқа жағуға мәжбүр болды. Алғаш жаппай қырыла бастағанда бірден мамандарға хабар бердік. Ол жақтан індет әрі таралмас үшін өлген құсты өртеу туралы пәрмен келді, - дейді шаруа.  

Тасболат Оралұлы, шаруа: 
-Облыстың, ауданның ветеринары келді. Өртеңдер деген соң өртедік. Фото, бейнеге түсірдік. Күні, сағаты бәрі бар. 

Бірақ ветеринар мамандар алғаш қырыла бастағанда шаруа өлекселерді бізге айтпай өз бетінше өртеген деп отыр. Сондықтан 700-ге жуық құсқа індеттен өлгені туралы акты жасалмаған. 

Яғни, өтемақы комиссия құжат жүзінде тіркеген құсқа ғана төленеді. «Бұл менің шығынымның бестен бір бөлігін ғана жабады» дейді шаруа. Себебі өлгені толық есепке алынбағанының сыртында, асылтұқымды құстың нарықтағы құны мемлекет белгілеген бағадан әлдеқайда жоғары. Індет жайлаған ауылда әлі күнге дейін аман қалған құстарды вакцинациялау да толық жүргізілмепті. 

Ботакөз Мырзатаева, ауыл тұрғыны: 
-Бізге вакцинация жеткен жоқ. Кеше ветеринарларға қоңырау шалып едік. Келеміз деді. Бірақ қашан келері белгісіз. Вакцина жетпеді ме белгісіз. 

Әлі 400-ге жуық құсқа вакцина егілмегенін ауыл әкімі де растады. Жуық арада бұл жұмыс толық аяқталады деп сендірді. Жалпы облыста осы індеттен 400 жүз мыңға жуық құс өліп, сегіз ауылда карантин жарияланған. Шығынға батқан жұрт мемлекеттің қолдауына мұқтаж болып отыр. Ал одан қағылғандарлың қайтадан еңсе көтеруі екіталай. 

Дәуренбек Әбдібек 



Қостанай облысы құс өтемақы

Хабарламаларға жазылу