Газбен қамту ісі бойынша ауыл әкімдерінің есебі шындықтан алыс. Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Берік Дүйсенбинов айтты.
«Өткен аптада «Ақ жол» фракциясы депутаттарының Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу барысында, елді мекендерді газбен қамту мәселесінің әлі де толығымен шешімі табылмай отырғандығынан хабардар болдық. Ауыл азаматтары газбен қамту мәселесін тағы да қайталай көтеріп, әкімдердің әсем есептерінің шындықтан алыс екенін жарыса айтып, жанайқайын жеткізді. Қазақстан - әлемдегі 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіреміз деп биік мақсат қойған ел. Бірақ жылына 50 млрд шаршы метр газ өндіретін Қазақстанның халқы сол көгілдір отынмен үйін жылыта алмаса, біз қандай өмір сапасы туралы айта аламыз, ондай әлемдік рейтингтің құны бес тиын», - деді ол депутаттық сауалында.
Депутаттың айтуынша, Түркістан облысы Келес ауданы Біртілек, Еңбекші және Ораз ата елді мекендерінің тұрғындары осыдан 4 жыл бұрын өз қаржыларына үйлеріне газ құбырын тартып, пештеріне дейін қойып алған. Осындай жағдай Жетісай ауданының Көктөбе ауылында, Сайрам ауданының жеті ауылында, Ордабасы, Қазығұрт ауданындағы ауылдарда да болған. Алайда бүгінгі күнге дейін осы елді мекендерге көгілдір отын әлі жетпеген.
«Газдың қосылмау себебін жергілікті әкімдік пен өкілетті органдар түсіндіріп жатыр. Бірақ мардымды, нақты жауап ала алмадық. Осы ауыл азаматтары мен мектептерге газдың жетпеуіне себеп болып отырған шенеуніктер мен газ құбырының басында отырған өкілетті органның басшыларына көгілдір отынсыз отырған ауылдарға көшіп, балаларын суық мектепте оқытып, келе жатқан қыстың қарсаңында тезекпен жылынып өмір сүруге кеңес береміз. Сонда бұл мәселе жылдам шешілер», - дейді депутат.