Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар 975 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар 975 мыңнан асты

24.09.2020

Әлем елдерінде коронавирус пандемиясының екінші толқынына байланысты шектеу шаралары күшейтіліп жатыр. Бүгін Израильде карантин тіпті қатаңдатылды. Еуропадағы жағдай да мәз емес. Ал, жер шарында Сovid-тан қайтыс болғандар 975 мыңнан асты. Израиль үкіметі коронавирусқа қарсы карантинді күшейту туралы шешім қабылдады. Жаңа шектеулерге сәйкес, кәсіпорындар мен мектептер жабылуы керек. Өйткені, премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың айтуынша, қауіпті инфекция елді «құрдымға әкетіп» барады. Пандемияның екінші толқыны басталғандықтан, Израиль карантинге қыркүйектің 18-де қайта оралды. 9 миллион халқы бар елде күніне 7 мыңға жуық адамнан Сovid табылып жатыр. 

Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-Министрі:

-Біз сындарлы шаққа жеттік. Коронавирустың екінші толқыны бүкіл әлеммен бірге бізді де шарпып отыр. Ауырғандар мен құрбандар саны көбейіп келеді. 

Пандемия басталғалы Израильде 200 мыңдай адам коронавирус жұқтырып, 1316 тұрғын қайтыс болған. Ал, испан үкіметі эпидемияның екінші толқыны кезінде қозғалысты қайта шектеуге әскер мен полицияны көбірек жұмылдырмақ. Сонымен қатар, корольдік вируспен күреске дәрігерлерді көбірек тартуға әзірленіп жатыр.Франциядағы жағдай да мәз емес. Мұнда да күніне мыңдаған адамнан қауіпті инфекция табылатын болды. Сондықтан, Марсель тәрізді қалаларда ресторандар мен дәмханаларды жабуға бұйрық берілді.

Оливье Веран, Франция Денсаулық сақтау министрі:

- Мейлінше дабыл қағылған жерлерге Гваделупа және Марсель метрополитен ауданы кіреді. Гваделупада 100 мың тұрғынға шаққанда 250-290 адамнан коронавирус анықталып жатыр. 

«Рейтер» агенттігінің дерегінше, дүниежүзінде коронавирус жұқтырғандар саны 32 миллионға жуықтап, одан қайтыс болғандар 975 мыңнан асты. Пандемиядан ең көп зардап шеккен ел - Құрама Штаттар. Мұнда Covid-19 диагнозы қойылғандар 7 миллионға, ал одан жан тәсілім еткендер 201 мыңға таяп қалды.

Арыстан Рысбек

                                                          

Хабарламаларға жазылу