СҚО-да құс тұмауы өршіді: 10 ауылда карантин жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да құс тұмауы өршіді: 10 ауылда карантин жарияланды

17.09.2020

Солтүстік Қазақстан облысындағы 7 ауданда құс тұмауының ошағы анықталды. Өңірде аурудың тарап кетпеуі үшін сақтық шаралары жүргізіліп жатыр. Қауіп тудырған аудандарға қарасты 10 ауылда карантин жарияланды. Елді мекендерде адамдар мен автокөліктердің жүруіне шектеу қойылды. Қанаттылардың қырылып жатқанын Ұлттық арна осыдан екі күн бұрын көрсетті. Сараптама қорытындысында құс тұмауы екенін дәлелденді. Осы мәселеге орай арнайы брифинг өтті.  

Берік Әлжанов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда облыстық әкімдік қаулысымен осы 7 ауданның елді мекендерінде карантиндік шаралар енгізіледі. Карантин кезінде осы елді мекендерден тірі құс пен құс өнімдерін шығаруға тыйым салынады. Қазіргі күні мониторингтік жұмыстар өткізіліп жатыр. Мал дәрігері мамандары үй-үйді аралап, қанша құс бар екенін, қаншама өлді, соны анықтап жатыр.  

Шекаралас аудандарда үй құстары мен жануарларға екпе салу үшін 873 мың отандық препарат бөлінді. Вакцинациялау кешіктірілмей жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, қырылған тек жеке үйлердегі құстар, ал ірі фабрикалар да ондай жағдай тіркелмеген. Теріскейде тұмауға шалдыққан құстардан адамдарға әзірге қауіп төніп тұрған жоқ. Тұрғындардың қырылып қалған құстарының өтемақысын төлеу туралы мемлекеттік комиссия құрылады. 

Қызғалдақ Жұбатқанова, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы: 

- 6137 бас құс өлді, жабайы жануарлардан 78 басының өлімі тіркелді. Аумақтарға вакцина енгізіледі. Жедел шараларды қолдансақ ауру әрі қарай болмауы мүмкін.  

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу