Биологиялық қоспа ақшасына тұра ма?
Биыл алғашқы жарты жылда қазақстандықтар дәріханалардан 30 миллион биологиялық белсенді қоспа сатып алған. Бағасы былтыр сол кезбен салыстырғанда 15 пайыздан аса өскен.
Ал 2025 жылы Бірінші несие бюросының мәліметінше, ел тұрғындары биологиялық қоспаларға 152 млрд теңге жұмсаған. Бұған желі арқылы сатылым кірмейді-ау, демек адамдар қоспаларға әжептәуір ақша құртады.
«Құртады» деп тұрғанымыз – мұндай қоспалардың пайдасы тиіп жатыр ма? Биологиялық белсенді қоспалардың басым көбінің тиімділігі туралы ғылыми дәлел жоқ. Өйткені дәрі сияқты ұзақ және кешенді клиникалық сынақтан өтпейді. Иә, кейбір компоненттерінің тиімді екені анықталған. Мысалы, аяғы ауыр әйелде Д витамині немесе фолий қышқылы тапшы болса, дәрігер ішуге кеңес береді.
Дәрумендер мен шөптерді өз бетіңмен көп мөлшерде қабылдау – бауыр мен бүйрекке зиян келтіруі мүмкін, бір-бірімен қабаттастырып ішкенде керағар реакциялар беруі мүмкін, тағысын тағы.
Бірақ биологиялық
қоспаларға деген «құштарлықтың» артып бара жатқаны сатылымынан байқалады. Неге?
Дәстүрлі медициналық көмектің сапасы, жүйедегі бюрократия, «ғажайыпқа» толы
жарнама да әсер ететін шығар. Дегенмен ойлантады. Бекер көп ақша жұмсағанын
мойындаған кейіпкері бар Шұғыла Сұлтанмахмұттың материалы.
Аты-жөнін
атамауды сұраған Семей тұрғыны әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, биологиялық
белсенді қоспа сатып алған. Дәрігерге ескертпестен шамадан тыс мөлшерде дәрімен
бірге қабылдаған.
Мамандар да
кез келген мұндай қоспаны пайдаланбас бұрын дәрігермен кеңесуді және тексеруден
өтуді ескертіп отыр.
Айжан
Дүйсенова, дәрігер-терапевт:
Біріншіден адам шағымына байланысты. Екіншіден анамнезін жинап және анализ тапсырғаннан кейін белгілі бір элементтердің жетіспеушілігі байқалса, соны толықтыру мақсатында ғана тағайындалады.
Көпшілік
маусым ауысса жарыса алатын Д-дәрумені де бәріне бірдей жаға бермейтін
көрінеді. Оны да өз бетінше қабылдау керісінше «ұйқыдағы» дертті асқындыруы
ықтимал.
Назира
Есмаханова, эндокринолог:
Өте көп мөлшерде әрі ұзақ мерзімде ішкендіктен, Д витаминінің мөлшері көбейіп кетіп бүйректе тас, қандағы кальций деңгейі жоғарылау жағдайлары кездескен.
Ең қызығы биологиялық белсенді қоспалар
әлеуметтік желі арқылы да сатылады. Оның ішінде бір ғана қоспаның бірнеше
дерттің емі екенін айтқанда бір сәт сеніп қала жаздайсың. Ал өнім сатып алып,
соңыңнан адам тіркейсің, денсаулығыңды жақсарта отырып табыс табасың деген
компаниялардың жарнамалары жөнінде сөз бөлек. Тура қаржылық пирамиданың
схемасына ұқсайды.
Бұл
әлеуметтік желідегі жарнама арқылы хабарласқан компания менеджерінің жауабы. Сөзіне сенсек, бір ғана капсула түрлі
дертке ем. Тіпті, қаржысын қалтаң көтермесе, бөліп төлеуді де ұсынады.
Мына ауру кезінде дәрі-дәрмекті ішпей осы биологиялық қоспаны көп немесе екі рет үш рет ішсеңіз, бірден айығып кетесіз деген жарнамаға күмән келтіруге болады. Өйткені бұл дәрілік заттар емес, ол клиникалық тәжірибеден өтпеген, оның әсері дәлелденбеген.
Әрбір компания біздің өнім жақсы деп қана айтпайды. Олар адамның эмоциясына, сеніміне әсер ететін, шешім қабылдауын әсер ететін әдістерді қолданады. Олар эмоционалдық қысым жасауы мүмкін.
Әрбір тұтынушыны алдап, оларға осы өнімдер қандай да бір ісік ауруларына, қандай да бір тағы да басқа ауруларға қарсы емдік қасиеті бар деген жалған жарнамалар тексерілді. Қазіргі кезде 2,5 мыңнан астам онлайн тапсырыс беруші, жалған жарнама таратушылар тексерілді.
Санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау комитетінің мәліметінше, бүгінде сатылымдағы 20 мыңнан астам өнім
тексерілген. Оның ішінде 3 мыңға жуығы биологиялық белсенді қоспалар. Тексеру
нәтижесінде 130 әкімшілік іс қозғалып, 33 млн-нан астам теңгеге айыппұл
салынған. Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін 10 келіден астам өнім
сатылымнан алынып тасталған. Бұдан бөлек, интернет ресурстардағы жалған
жарнама таратқан 1050-ден астам профиль жойылған.
ББҚ өнімдерінің сәйкес келмейтін басым бөлігі, әрине бұл - шетелден келген өнімдер. Оның ішінде тексеріс нәтижелері бойынша сәйкес келмеген өнімдер ББҚ-ның ішінен қауіпсіздік талаптарына жауап бермегендігі, өнімдердің көгеріп кеткендігі, ішінде зеңнің болғандығы, жарамдылық мерзімдерінің өтіп кеткендігі, мемлекеттік тілдегі ақпараттың болмағандығы және басым бөлігі таңбалау ережелерін бұзғандығы анықталды.
Қазақстанның фармацевтикалық нарығына арналған талдамалық басылымның мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандықтар дәрі-дәрмек пен биологиялық белсенді қоспаларды сатып алуға 409 млрд теңге жұмсаған. Оның 88%-ы дәрі-дәрмекке, қалған бөлігі биологиялық белсенді қоспаларға тиесілі. Бұл тек дәріханалардан сатып алынған өнім жөніндегі дерек. Енді биологиялық қоспалар нарығына бақылау күшеймек. 1 қыркүйектен бастап бұл өнімдерді цифрлық таңбалаудан өткізу міндеттелді. Яғни әр өнімге берілетін бірегей код арқылы оның шығу тегін және заңды сатылып жатқанын анықтай аласыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы