Қарағанды облысында биыл мектептерді оқулықпен қамту үшін 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Осылайша өңірдегі барлық орта білім ошақтары қажетті кітаптармен толықтай қамтылған. «Оқулық тапшылығы мүлде жоқ»,-дейді мамандар. Биыл тек кейбір сыныптар үшін мазмұны жаңарған және тозығы жеткен кітаптар ғана қайта сатып алынған.
Кеншілер қаласының тұрғыны Ақмарал Қалиеваның екі бірдей баласы №16 жалпы білім беретін орта мектепте оқиды. Үлкені 8, ал кішісі 5-сыныпта. «Балалардың оқулығы уақытылы берілді, кітап жетіспеушілігі жоқ»,-дейді ол.
Ақмарал Қалиева, ата-ана:
- Кітап туралы 15 тамыз күні хабарлады, біз 20-ы күні алдық. Мектептен барып алып келдік, кітап толығымен жеткілікті. Кітаптың тілі түсінікті тіл. Қарапайым тіл деп айтамын. Енді түсінбеген жерлеріміз болса, интернет бар ғой қазір. Қарап алуға болады.
Жалпы облыс бойынша 503 мектеп болса, оларда барлығы 195 мыңнан астам бала оқиды. Карантинге байланысты жоғарғы сыныптар түгел қашықтан білім алуда. Биыл 11-сыныптардың кітаптары жаңартылған. Бірінші сыныптардың ескірген оқулықтарының жартысы ауыстырылған. Мектеп қорындағы бар кітап жаз айларында таратылған. Ал жаңа оқулықтар сабақ басталғанша оқушыларға үлестіріліп үлгерген.
Қаламқас Оспанова, облыстық Білім басқармасының бөлім бамшысы:
- Кейбір жайттар болып жатады ата-аналар кеш мектеп ауыстырып жатады. 25 тамыздан кейін мектеп ауыстырып келіп жатқандар бар Қарағанды қаласына. Қаладан ауылдық жерге көшіп жатқандар бар. Оларға сол барып отырған мектебінде қордағы оқулық жетіспесе, басқа көрші мектептерден беріліп жатыр.
Өңірде инклюзивті мектептердің оқушылары да оқулықтан еш тапшылық көріп отырған жоқ. Әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға білім мекемелерінен қажетті ноутбуктар мен компьютерлер уақытша берілген.
Руслан Нұрланұлы