Әлемде коронавирус жұқтырғандар 25,9 миллионға жақындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар 25,9 миллионға жақындады

02.09.2020

Өткен тәулікте де әдемде коронавирус жұқтырғандар көбейіп, олардың жалпы саны 26 миллионға жақындап қалды. Ал Үндістан дүниежүзілік пандемияның жаңа эпицентріне айналып барады.

Үндістан әлемдік коронавирустық пандемияның эпицентріне айналып барады. Себебі мұнда үш аптадан бері күніне 80 мыңға жуық адам COVID-19 инфекциясын жұқтырып жатыр. 

Болжамдарға қарағанда, халқының саны 1,4 миллиардқа жеткен Үндістан осы қарқынмен кете беретін болса, коронавирус жұқтырудан Бразилияны ғана емес, АҚШ-ты да басып озуы мүмкін. 

Эпидемияның өршігеніне қарамастан, экономиканы құтқару мақсатында елдің бірқатар штаттарында карантиндік шектеулер жеңілдетіліп, кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер қайта ашылып жатыр.

Манодж Кумар, Дели тұрғыны:

- Үкіметтің бұл шешімі дұрыс емес деп ойлаймын. Бәрі қайта ашылып, бір жерге адамдар тағы да көптеп жиналып, госпитальдерге салмақ түсіп жатыр. 

Ресейде коронавирус жұқтыру оқиғалары 1 миллионнан асты. Ал ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский жергілікті мамандар жасаған вакцинаны қабылдады. Айта кетсек, ресейлік екпе сынақтан толық өтпегені үшін бұған дейін үлкен халықаралық сынға ұшыраған еді. 

Пандемия кесірінен Австралия экономикасы 7 пайызға қысқарып, 28 жылда алғаш рет рецессияға еніп, наурыздан бері миллионнан артық адам жұмыстан айырылды. Ал елдің Виктория штатында қауіпті вирус жұқтырушылар азаймағандықтан, карантин тағы жарты жылға ұзартылып отыр. 

Куба астанасы Гавана да 15 күнге карантинге жабылды. Мұнда да індет өршіп келеді. 

Амадо Лопес, Гавана тұрғыны:

- Бұл шектеу шаралары қандай нәтиже береді? Оны 15 күннен кейін көреміз. Вирус жұқтыру оқиғалары азайып, Гаванаға бұрынғы өмір оралса жақсы болар еді. 

Өткен тәулікте Оңтүстік Кореяда 267 адамнан коронавирус анықталды. Осылайша бұл мемлекетте COVID-19 пациенттерінің саны 20500-ге жақындап, жұқтырушылар үш аптадан бері азаймай отыр. 

«Рейтер» агенттігінің дерегінше, әлемде коронавирусқа шалдыққандар 25 миллион 900 мыңға таяп, 857 мыңға жуығы қайтыс болған.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу