Өскеменде жарық неге жиі өшеді? Тұрғындар жаппай шағымданып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде жарық неге жиі өшеді? Тұрғындар жаппай шағымданып жатыр

25.08.2020

Өскемендіктерді соңғы кездері жарықтың жиі өшіп қала беруі қажытып жіберді. Ешбір ескертусіз бірнеше күндеп электр энергиясынан ажыратып тастаудың себебін түсіндіруді талап еткен тұрғындардың шағымын тілшіміз Берік Көшербай тыңдап келді.

Жарықтың жиі өше беруінен Өскемендегі, әсіресе, 19-шы шағын ауданының тұрғындары әбден шаршаған. Тоқ болмаған бүкіл шаруа тоқтап қалады. Электр энергиясы өшіп, талай рет тұрғындар лифтің ішінде де қалып кеткен. 

Гүлзия Ахмадиева, қала тұрғыны:

- Күніне екі рет өшіп қалатын жағдайлар болады. Түске дейін, түстен кейін өшіріп тастайды. Әрдайым жауаптары бірдей, бір жерде апат болды дейді Кім кінәлі, қандай апат? Түсініксіз.

Әсем Сыбанова, қала тұрғыны:

- Суық су болмайды, өйткені су сорғыш өшіп қалады. Енді балалардың сабағы онлайн басталады, ол кезде интернет те өшеді, яғни сабақты да оқи алмайды.

Электр энергиясы өшкен кезде жеке пәтер иелері кооперативі төрағасының телефонына да тыным болмай кетеді екен. 

Айнұр Мамырбаева, Жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

- Бір сағаттың ішінде 300-ден астам адам қоңырау шалады. Ана жолы 3 күнге өшті. Сұмдық қой енді мынау.

Энергетиктер болса, жарықтың жиі сөнуін осы маңдағы құрылыс жұмыстарымен байланыстырып отыр. Айтуларынша, мердігерлер инженерлік коммуникацияларды тартқанда тиісті мекемелермен жерді қазу жөнінде алдын ала келісім жасаспай, тоқтың сымдарын үзіп тастайды.  

Ермек Желдібаев, «Шығыс Қазақстан аймақтық энергетикалық компаниясы» АҚ бас диспетчері:

- 4 рет мердігерлер өз техникаларымен кабельдерді үзді. Өйткені оларда сымдардың қай жерде жатқаны туралы сызбалар жоқ. Қай жерде қазуға болады, қазуға болмайтынын білмейді.

Халық жиналған соң келіп жеткен түрлі құзырлы орган өкілдері кінәні бір- біріне артудан әрі бара алмады.Тұрмыстық техника күйіп кетсе, сотқа арыз жазу керек, ал кінәліні тұрғындар өздері табуы тиіс. Бар айтқан жауабы осы. Демек, кінәлі адамды, я жауапты мекемені анықтамай тұрғындар сотқа да арыздана алмайды. 

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу