Елордада тұрғын үй кешенінің салымшылары өз баспанасына кіре алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада тұрғын үй кешенінің салымшылары өз баспанасына кіре алмай отыр

25.08.2020

Елордадағы «Столичный-2» тұрғын үй кешенінің бірқатар салымшылары өз баспанасына кіре алмай отыр. Бір қарағанда ұсақ-түйек сияқты көрінген мәселе тым шиеленісіп кеткен. Әр тарап өзінікін дұрыс деп есептейді.

Сегіз жылдан бері жыр болған «Столичный-2» тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, міне пайдалануға берілді деген кезде тағы да шу шықты. Үлескерлердің жартысы пәтеріне кіре алмай отыр. Мәселе қаражатта.  

Тартыс 254 мың теңге төңірегінде. Бұл қаржы өз шаршы метрінен үмітті әр адамның төлемі. Яғни, ай сайын белгілі бір сомада тұрғын үй құрылыс кооперативіне аударып тұрған. Ал кооператив кезінде алаяқ мердігердің аяқсыз қалдырған құрылысын қайта жандандыру үшін құрылған.  

Жанар Дүйсенова, «Феникс-столичный» тұрғын үй құрылыс кооперативінің төрағасы:

-  Үйді салып бастағанда құжаты болмады. Түк құжатсыз. Сол құжаттың бәрін біз басынан бастап жинадық.

Бұл көк әйнекті көп қабатты үйде 190 пәтер, 30 кеңсе бар. Кооператив басшысының айтуынша, 150 үлескер төлемақысын өткізіп, кілтін алып жатыр. Ал осыдан 8 жыл бұрын құрылысқа қаржы салып, бітуін сарыла күткен екінші топ құжатын құшақтап қала берді.    

Әсел Мұсыраәлиева:

- Біреуінде 8 шаршы метр, біреуінде 300 шм, біреуінде 85 шм. Неге бәрі бірдей 254 мың теңге төлеуі керек? Біз бас тартып жатқан жоқпыз. Бізге көрсетіп, түсіндірулерін талап етіп тұрмыз. 

Үлескерлерге қойылған шарт ортақ. «Сондықтан оны орындаудан басқа амал жоқ»,-дейді әкімдікке қарасты компания өкілі.  

 Жанар Әбілқасымова, «Елорда құрылыс» ЖШС директорының орынбасары:

- Бәрінің де пәтер алуға құқы бар. Тек талап бойынша тұрғын үй құрылыс кооперативінің мүшесі болуы керек. Кілтті де, құжатты да солар береді. 

«Столичный-2» тұрғын үй кещендері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Нысан қала күні қарсаңында тапсырылды. Бірақ тартыс әлі жалғасуда. Әркімнің өз шындығы бар. 

Нысаналы Ығыл 

Хабарламаларға жазылу